Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Тарихи Тараздан қасиетті Түркістанға

   Бұрнағы күні ежелгі көшпенділердің ізімен керуендетіп, облыс делегациясы өңірдің Түркістан облысындағы мәдениет және өнер күндеріне аттанған еді. Киелі Түркістандағы облыс күндері танымдық, рухани, мәдени шаралармен басталды. Таңсәріден этно ауыл маңында «Тараз – Ұлы даланың көне шаһары» атты жылжымалы көрме, «Өткені – өнеге, бүгіні – бекем, болашағы – жарқын Жамбыл өңірі» атты жылжымалы мәдени шарасы, қолөнершілер көрмесі өтті. Шара барысында «Ұлы Жібек жолы. Тарих қойнауынан – түркілер бесігіне» атты облысымыздан жеткен керуенді Қазақ хандығының тұсында халқымыздың 17 тұлғасы, 21 ханы, 8 сұлтаны, 23 биі, 63 батыры, 5 әзіз анасы, 10 датқа мен болыс, 30 игі жақсылары жатқан киелі де қасиетті Түркістан төрінде қарсы алу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Өмірзақ Шөкеев пен зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.

   Этноауыл маңында Тараз бен Түркістанның тағдырлы һәм тағылымды тарихынан терең сыр шертетін толғау мен күй күмбірлеп, облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театры өнер ұжымының театрландырылған қойылымымен керуенді қарсы алды. Одан кейін екі облыстың басшылары сөз тізгіндеп, өңіраралық интеграцияны дамытуға, мәдени, рухани байланысты нығайтуға атсалысқан өнер ұжымдарына алғыстарын жеткізді.

   - Қазақтың тарихында Түркістан мен Тараздай қалалар көп емес. Ғасырдан астам тарихы бар екі қала қазақ тарихын ары қарай дамытып, еліміздің, мемлекетіміздің өркендеуіне өздерінің үлесін қосып келеді. Осыдан  25 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Менің ең негізгі мақсатым, арманым Түркістанды тек қана түркі тілдес емес, жалпы мұсылман қауымының Меккеден кейінгі рухани орталығына айналдыру» деп айтып еді. Міне, аз ғана уақыт ішінде Түркістанның қалай түрленіп жатқанына куә болып отырсыздар. Қазақ халқы өзінің болашағы және өткен тарихы үщін Елбасының алдында үлкен қарыздар деп ойлаймын. Өйткені Түркістан өз алдын бөлек облыс болды. Аз ғана уақытта қазақтың даласында өзінің рухани, мәдени орны бар, басқа қалалармен саалыстыруға болмайтын шаһар қалыптасты. Бұл да әрине, Елбасы мен Мемлекет басшысынң тікелей қолдауы. Маған Түркістан жат емес. Осы жерде еңбек еткеннен кейін Түркістанға жүрегім бұрып тұрады. Түркістан гүлденсе қуанамыз. Әрине, Түркістанның орны бөлек. Бірақ Түркістан жалғыз болмауы керек. Бізде «тарихы терең Тараз» деп бекер айтылмайды, сондықтан көне шаһарымызда Түркістан секілді дамыса деген арманымыз бар. Ең бастысы еліміз аман болсын. Қазақстанымыздың абырой-беделі асқақтай берсін,- деді облыс әкімі Бердібек Машбекұлы.

   Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңіраралық байланысты барынша нығайтуды әрдайым қолдайтынын тілге тиек етті.

   - Көршілес Жамбыл өңірінен арнайы керуен келіп жатқанына бізде қуаныштымыз. Өздеріңіз білетіндей 2018 жылы 24 маусымда Елбасының Жарлығымен Түркістан облыс орталығы болды. Жалпы Бердібек Машбекұлы атап өткендей, Түркістан қашанда Елбасының жүрегінде. «Осы Түркістанды қалай мен халықаралық деңгейге шығарып, бұрынғы тарихи әділдікті орнатамын» деп ойлап жүретін. Соған әбден тас-түйін дайындалып келіп осындай тарихи шешім қабылдады. Содан бері Түркістан үлкен жаңғыру үстінде. Тек қана Түркістан облысы, қала тұрғындары ғана емес, бүкіл ел болып салып жатыр қаланы. Жамбыл облысы Визит орталықты салып берді. Ол қазір туристердің ең бір сүйікті нысанына айналды. Қысқа уақытта барлық облыстар бір үйдің баласындай бірігіп, қаланың өркендеуіне ат салысып жатыр. Ол ғимараттар әрине салынады, инфрақұрылым жүргізіледі, бірақ оның бәрін мазмұнға толтыру керек, іс-шаралар ұйымдастыру қажет деп Елбасының берген тапсырмасы бар. Мемлекет басшысы осы «Түркістанда біз жиі-жиі іс-шаралар ұйымдастырып тұруымыз қажет» деп айтқан еді. Шынымен біз Түркістанды әлемге халықаралық деңгейде танытуымыз керек. Енді міне, облыстардың да кезегі келді. Сонда Үкіметте өткен кездесулердің бірінде Бердібек Машбекұлы «Соның ішінде біз бірінші баруымыз керек» деп айтқан болатын. Әрине бұл жүрекке майдай жағады. Бердібек Машбекұлы Елбасының сенімді өкілі ретінде осы облыста қаншама қажырлы еңбек етті. Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын білесіздер. Осы жерде жүріп, әр тасын, әр көшін өзі қадағалап өткізді. Бүгін міне, Бердібек Машбекұлы өзінің делегациясымен арнайы келіп отыр. Біз өте қуаныштымыз. Екі күн бойы меймандарымыздың тарапынан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Соған барлық түркістандықтарды қатысуға шақырамын,-деді Өмірзақ Естайұлы.

   Салтанатты шарадан кейін өңір басшылары мен меймандар Визит орталығы, « Farab Library» кітапханасы жұмысымен жан-жақты танысып, республикалық «Түркістан дауысы» ән байқауын тамашалады. Облыс күндерінің екінші күнінде әулиеаталық тауар өндірушілердің және өнеркәсіп кәсіпорындарының көрмесі, Жамбыл мен Түркістан кәсіпкерлерінің кездесуі және «Тараздан Түркістанға шашу» мерекелік концерті жоспарланған.

 

Нұржан Қадірәлі

«Aq jol». - 2021. - 13 қараша (№136). - 1,3 б.

Яндекс.Метрика