Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Қастерлі Тараздан – қасиетті Түркістанға

   - Қазақтың тарихында Түркістан менен Тараздай қалалар көп емес. Ғасырдан астам тарихы бар екі қала қазақ тарихын ары қарай дамытып, еліміздің, мемлекетіміздің дамуына өздерінің үлестерін қосып келеді. Осыдан 25 жыл бүрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Менің ең негізгі мақсатым, арманым - Түркістанды тек қана түркі тілдес емес, жалпы мұсылман қауымының Меккеден кейінгі рухани орталығына айналдыру» деп айтып еді. Міне, аз ғана уақыт ішінде Түркістанның қалай түрленіп жатқанына куә болып отырсыздар. Қазақ халқы өзінің болашағы және өткен тарихы үшін Елбасының алдында үлкен қарыздар деп ойлаймын. Өйткені Түркістан өз алдына бөлек облыс болды. Аз ғана уақытта қазақтың даласында өзінің үлкен рухани, мәдени орны бар, басқа қалалармен салыстыруға болмайтын шаһар қалыптасты. Әрине, бұл да Елбасы мен Мемлекет басшысының тікелей қолдауы. Маған Түркістан жат емес. Осы жерде еңбек еткеннен кейін Түркістанға жүрегің бұрып тұрады. Түркістан гүлденсе қуанамыз. Әрине, Түркістанның орны бөлек. Бірақ Түркістан ешқашан жалғыз болмауы керек. Бізде «тарихы терең Тараз» деп бекер айтылмайды, сондықтан көне шаһарымыз да Түркістан секілді дамыса деген арманымыз бар. Ең негізгісі - еліміз аман болсын. Қазақстанымыздың абырой-беделі асқақтай берсін, - деді облыс әкімі Бердібек Машбекұлы.

   Өз кезегінде сөз алған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңіраралық байланысты барынша нығайтуды әрдайым қолдайтынын тілге тиек етті.

   - Көршілес Жамбыл облысынан арнайы керуен келіп жатқанына біз өте қуаныштымыз. Өздеріңіз білетіндей, 2018 жылы 24 маусымда Елбасының Жарлығымен Түркістан облыс орталығы болды. Бердібек Машбекұлы атап өткендей, Түркістан қашанда Елбасының жүрегінде. «Осы Түркістанды қалай мен халықаралық деңгейге шығарып, бұрынғы тарихи әділдікті орнатамын» деп ойлап жүретін. Соған әбден тас-түйін дайындалып келіп, осындай тарихи шешім қабылдады. Содан бері Түркістан үлкен жаңғыру үстінде. Тек қана Түркістан облысы, қала тұрғындары ғана емес, бүкіл ел болып салып жатыр қаланы. Жамбыл облысы Визит орталықты салып берді. Ол қазір туристердің ең бір сүйікті нысанына айналды. Қысқа уақытта барлық облыстар бір үйдің баласындай бірігіп, қаланың өркендеуіне атсалысып жатыр. Әрине, ол ғимараттар салынады, инфрақұрылым жүргізіледі, бірақ оның бәрін мазмұнға толтыру керек, іс-шаралар ұйымдастыру қажет деп Елбасының берген тапсырмасы бар. Мемлекет басшысы осы «Түркістанда біз жиі-жиі іс шаралар ұйымдастырып тұруымыз қажет» деп айтқан еді. Шынымен, біз Түркістанды әлемге халықаралық деңгейде танытуымыз керек. Енді міне облыстардың да кезегі келді. Сонда Үкіметте өткен кездесулердің бірінде Бердібек Машбекұлы «Соның ішінде біз бірінші болып баруымыз керек» деп айтқан болатын. Әрине, бұл жүрекке майдай жағады. Бердібек Машбекұлы Елбасының сенімді сарбазы ретінде осы облыста қаншама еңбек етті. Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын білесіздер. Осы жерде жүріп, әр тасын, әр көшесін өзі қадағалап өткізді. Бүгін міне, Бердібек Машбекұлы өзінің делегациясымен арнайы келіп отыр. Біз өте қуаныштымыз. Екі күн бойы меймандарымыздың тарапынан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Соған барлық түркістандықтарды қатысуға шақырамын. - деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы.

   Жамбыл облысының ән мен жыр шашуын, қолөнер туындыларын түркістандықтар үлкен құрметпен қабылдады. Өнерпаздардың талантын тамашалауға жиналған халықтың қарасында қисап жоқ.

   - Түркістан киелі үлкен есік болғандықтан бізге әлемнің түкпір-түкпірінен күнделікті адамдар келіп жатады. Мұнда ел тарихындағы тау тұлғалар, Ұлы даланы кемеңгерлікпен, ерлікпен, батырлықпен қорғап, бізге аманаттап кеткен хандар мен билер, баһадүр бабалар жатыр. Сол секілді Тараз шаһары десек, алдымен көз алдымызға Қарахан мен Айша бибі, Тектұрмас елестейтіні шындық. Өзіміз де талай мәрте отбасымызбен Тараздағы сондай тарихи жерлерге жиі барып тұрамыз. Өзім тарих пәнінен мұғалім болғандықтан оқушыларға да үнемі ізденудің маңыздылығын, еліміздегі, Түркістан мен Тараз жерлеріндегі тарихи аңыздарды, Атлах секілді ел тағдыры шешілген оқиғаларды айтып отырамын. Жамбыл облысының Түркістан өңіріндегі күндері өте керемет деңгейде өтіп жатыр. Күмбірлетіп керуен жеткенде делебеміз қозып, ғажап әсерде болдық. Сол баяғы бабалар заманына түсіп кеткендей сезіндік өзімізді. Бұл тәуелсіздігіміздің отыз жылдығындағы керемет шара, оның тағылымы мол. Сондықтан екі өңірдің осылай бірлескен шаралары көп болса екен деймін, - дейді Түркістан қаласының тұрғыны Айнұр Бабашова.

   Расында, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін осы шарадан табылды. Көшпенділер тағылымы, мәдениеті мен руханиятын насихаттайтын шаралар түркістандықтардың көңілінен шықты.

   - Алған әсерімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес десем де болады. Қазір Түркістан қаласы күннен-күнге көркейіп, сағат сайын құлпырып келе жатыр. Ал Тараз жұрты арнайы келіп, сол бұрынғы тарихқа қан жүгірткендей болды. есте жоқ ескі ғасырлар мен бүгінгіні керемет үйлестіре білді. Екі күн бойы ұмытылмайтын шараларға отбасымызбен қанық болдық. Киелі Әулиеата жерінен келген көршілерімізге үлкен алғыс айтамын, - дейді Түркістан қаласының тұрғыны Гүлбаршын Медетбекова.

   Облыс күндеріне кітапханашыларымыз да айтарлықтай атсалысты. Қазіргідей компьютерленген заманда облыс авторларының шығармалары ол жақта да үлкен сұранысқа ие екеніне куә болдық.

   - Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай біз Жамбыл облысынан шыққан 30 ақын, жазушының кітаптарын осында көрмеге алып келдік. Олардың басым көпшілігін түркістандық оқырмандар танып, сұрастырып, қызығушылық білдіргендеріне разы болдық. Бұл біздің тана емес, жалпы халықтың әдебиетке, руханиятқа деген жанашырлығы, сүйіспеншілігі. Өз кезегінде көршілеріміз де өздерінің ақын, жазушыларын осылайша насихаттасақ деп, идеямызға ризашылықтарын ашық жеткізуде, - дейді Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова.

   Салтанатты шарадан кейін өңір басшылары мен меймандар әулиеаталықтар тарту еткен «Visit centre» орталығы, «Түркістан оқушылар сарайы», «Farab Library» кітапханасы жұмысымен жан-жақты танысып шықты. Бердібек Машбекұлы оқушылар сарайының ішіндегі жаңашылдықтарды орынбасары Дәулет Кәрібек пен Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевқа назарға алуларын тапсырды. Одан кейін республикалық «Түркістан дауысы» ән байқауын тамашалады. Байқауға белгілі композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлеген Мұхамеджанов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, танымал эстрада әншісі, композитор, халықаралық ән байқауларының жүлдегері Маржан Арапбаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, композитор, продюсер Қайрат Баекенов, «Құрмет» орденінің иегері, композитор, ән өңдеуші Хамит Шанғалиев, халықаралық «Славянский базар» фестивалінің Гран-при иегері, әнші Рухия Байдукенова қазылық етті. Республикалық дүбірлі күміс көмей, жезтаңдай әншілер додасында Жамбыл облысы атынан қатысқан Қымбат Жамбылбек көпшілікті табиғи талантымен таңдандырып, жүлделі I орынды иеленді.

   Облыс күндерінің екінші күнінде әулиеаталық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің және өнеркәсіп кәсіпорындарының көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Тараз қаласы және Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Шу, Т.Рысқұлов аудандарының отыздан астам қайта өңдеуші кәсіпорындары мен агроқұрылымдарының елу түрлі өнімдері қойылды. Оның ішінде сүт және кондитерлік өнімдер мен макарон өнімдері, тауық еті, халва, мақсары майы, шұжық және консервілік өнімдер, сол сияқты облыста өндірілетін жұмыртқа мен ұн өнімдері бар.

   Одан кейін Жамбыл мен Түркістан кәсіпкерлерінің кездесуі және «Тараздан Түркістанға шашу» мерекелік концерті өтті.

   Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында өткен мерекелік шара «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде ұйымдастырылды.

   Сән-салтанаты жарасқан концертте өңірден шыққан өнер шеберлері, атап айтқанда Қазақстанның және Қырғызстанның халық әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бағдат Самединова, Әлішер Каримов, «МузАрт Life» дуэті және филармонияның Қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Ақкербез», «Айша бибі» би ансамбльдері, «FirДауыс» квартеті, «Тараз-тарту» квартеті, сондай-ақ дәстүрлі-эстрада әншілері өнер көрсетті. Концерт соңында жамбылдық өнерпаздарға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің ықылас гүлі табыс етілді. Көпшіліктің көңілінен шыққан шара өз деңгейінде өтіп, Түркістандағы Жамбыл облысының күндерін түйіндеді.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ,

Тараз - Түркістан – Тараз

«Ar-Ai». - 2021. - 17 қараша (№92). - 3 б.

Яндекс.Метрика