Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ. ТАРИХ ҚОЙНАУЫНАН - ТҮРКІЛЕР БЕСІГІНЕ

   Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай тарихы терең Тараздан шыққан «Ұлы Жібек жолы. Тарих қойнауынан – Түркілер бесігіне» атты керуен киелі Түркістан өңіріне көш түзеді. Керуен Жамбыл облысының Түркістандағы күндері аясында ұйымдастырылды.

   Этноауылда өткен керуенді қарсы алу шарасына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, зиялы қауым өкілдері, өнер иелері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

   Керуен-күйменің құрамында 10 түйе, 6 бота, 20 ат, 3 ат арба, 1 керуен басы, 1 жыршы, 1 батыр және 14 қыз-жігіттер болды.

   Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен әрі қолдауымен Түркістан аз ғана уақытта түрленіп, тамаша кейіпке енді. Облыс орталығы атанғанына бірер жыл ғана өтсе де, қандай керемет қалаға айналғанына сіздер мен біздер куә болып отырмыз. Мәдениет  пен руханияттың орталығы болып қалыптасты. Түркістан гүлденсе, барша қазақтың мерейі тасиды десек артық емес, өйткені бұл шаһар ер Түріктің бесігі саналады.

   Жамбыл облысының Түркістандағы күндері екі өңірдің рухани-мәдени байланысын арттырып, өзара қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған. Жамбылдықтар да киелі қаланың өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Біз Тараз қаласын Түркістан қаласына туристік серіктес ретінде қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз. Жамбылдықтардың керуенін ыстық ықыласпен қарсы алып жатқан сіздерге үлкен алғыс айтамыз,- деген Бердібек Сапарбаев өңірлер арасындағы байланыс беки түсетініне сенім білдірді.

   Бұдан соң қонақтар бірқатар маңызды туристік нысандармен танысты.

   Жалпы Жамбыл облысының күндері аясында екі күн бойы Түркістанда тағылымды шаралар ұйымдастырылып, көпшіліктің назарына ұсынылды. Атап айтсақ, «Тараз – Ұлы даланың көне шаһары» атты жылжымалы көрме, облыстық кітапханалардың «Өткені – өнеге, бүгіні – бекем, болашағы – жарқын Жамбыл өңірі» мәдени шарасы және «Тараздан Түркістанға шашу» атты мерекелік концерт өтті.

   Сондай-ақ жамбылдық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде Тараз қаласы және Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Шу, Т.Рысқұлов аудандарының 20-дан астам қайта өңдеуші кәсіпорындары мен агроқұрылымдарының 10 түрлі өнімі ұсынылды. Оның ішінде сүт және кондитерлік өнімдер мен макарон өнімдері, тауық еті, халуа, мақсары майы, шұжық және консервіленген өнімдер, сол сияқты облыста өндірілетін жұмыртқа мен ұн өнімдері бар. Осылайша Жамбыл облысының киелі Түркістан өңіріндегі күндері аймақтар арасындағы мәдени һәм экономикалық байланысты жаңа белеске шығарды.

Дедек ТӨЛЕН,

«Jambyl-Taraz». - 2021. - 17 қараша (№46). - 16 б.

Яндекс.Метрика