Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Облыстық кітапханада оңды істер көп

   Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы кітап қорының көптігімен ғана емес, мемлекеттің игі бастамаларын бірінші болып қолдап, Президенттің халыққа арнаған Жолдауларына үн қосып, өз деңгейінде халықты ақпараттандырып келеді.

   Биыл егемендігіміздің 30 жылдығымен, жырымен елдің еңсесін көтерген Жамбыл ақынның 175 жылдық мерейтойы қатар келді. Осы орайда облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапхана ұжымы «Жыр алыбы - Жамбыл» атты кітап көрмесін таныстырып, ақынның шығармасын халыққа кеңінен насихаттай білді. Сонымен қатар кітаптың рухани құнын жастарға насихаттап, білімді жастар елдің ертеңі екенін ұғындырып, облыс көлеміндегі түрлі іс-шаралардың өтуіне мұрындық болып, кітап көрмесін ұйымдастырып келеді. Көрмеге «Жамбыл энциклопедия» кітабы, Мырзатай Жолдасбековтың «Ұлы дала ақыны» кітабы және жыр жампозы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай жарыққа шыққан 10 томдық шығармалар жинағы қойылды. Сондай-ақ кітапхана ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай «Желтоқсан жаңғырығы жадымызда» атты әдеби реквием ұйымдастырып, жастарымыздың тәуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімен сезінуі үшін тағылымы мен тәлімі мол іс-шаралар өткізіп келеді.

   - Кітапхана өнегелі істің де ошағы болуы тиіс деп ұғамын. Сондықтан біз ел ішінде өтіп жатқан іс-шараларға қалмай қатысып, онда қазақтың ұлы тұлғаларының жазып қалдырған кітаптарынан көрме ұйымдастырып отырамыз. Көрме жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырмаса, кемітпейді. Бүгінгі жастарды кітап оқуға қызықтыру үшін, ұлт руханиятынан сусындату үшін кітапханада келелі кеңес өткізіп, жастарды жинап, ғалымдардың, білімді ұстаздардың өнегелі әңгімесін тыңдату да біздің парызымыз. Сонда ғана біздің жастар өр рухты, отансүйгіш болып өседі деп ойлаймын, - дейді аталған кітапхана директоры Эльмира Абдинова.

   Шынымен де бүгінгі кітапхана заманға сай құрылғылармен жабдықталған. Не оқимын десең де қажетіңді қанағаттандыра алатын дәрежеде. Тәуелсіз елдің болашағы жастар десек, жастардың болашағын жарық қылатын кітапхана болуы тиіс. Кітапхана білімнің,- мәдениеттің түйісетін орнына айналғанда ғана Абай айтқан «Толық адам» біздің арамыздан шықпақ. Мәдени ошақ демекші, жақында Алматы облысында Жамбыл өңірінің мәдени күндері өткен болатын. Сонда Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Өткені - өнеге, бүгіні - бекем, болашағы жарқын Жамбыл өңірі» атты кітап көрмесі көздің жауын алып, ондағы халықтың назарын бірден өзіне аударды. Тіпті халық адамның білім көкжиегін кеңейтетін рухани қазынаны сатып алуға сұранған. Міне, бұл бүгінгі оқырмандарды көрмемен қызықтырудың жарқын үлгісі.

   Мұнан кейін «Ұлы Жібек жолы. Тарих қойнауынан - түркілер бесігіне» атты Жамбыл облысының Түркістандағы күндері өтті. Түркістанда да аталған кітапхана «Этноауыл» алаңына кітап экспозициясын ұйымдастырды. Бұл тәуелсіз мемлекеттің кітапханасының халық арасында рухани жұпарын қалай шашып жатқанының, білім дәнін ел көңіліне қалай сеуіп тұратынының заманауи көрінісі.

   Тарихы 1898 жылдан бастау алатын облыстағы ең үлкен кітапханада бүгінде 250 мыңнан астам кітап қоры бар. Кітапхана ешқашан оқырманнан босаған емес. Кітапханаға барған адамның қолында алтын қазынасы бар десек, ендеше, бәріміз де сол қазынаның игілігін көрейік, құрметті оқырман!

 

Нұршат СӘКЕНҚЫЗЫ,

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап

ғылыми кітапхананың қызметкері

«Ar-Ai». - 2021 жыл. - 26 қараша (№95). - 7 б.

Яндекс.Метрика