Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Жүректе көп сыр бар қайнаған...

    Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған «Ең үздік ауылдық кітапхана» облыстық байқауы тау шатқалында, көгалды кең жазиралы даласы, табиғаттың тылсым құ­былыстары мен жақпар-жақпар таулары бар, табиғат сұлулығы салтанат құрған қасиетті Сарысу өлкесінде жалғасын тапты.

    Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Өндіріс ауылдық кітапханасында Қазақстан және Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, композитор, өнер зерттеушісі, танымал жазушы, суретші Илья Жақановтың 85 жас мерейтойына  орай  «Жүректе көп сыр бар қайнаған...» әдеби әуен әлемі өтті.

    Илья Жақановтың өмірі мен шығармашылығы арқылы оқырмандарды әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелеу, сазды әуендерінің сырын ашуға бағытталған іс-шараға Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры  Эльмира Абдинова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің Гран при иегері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, жазушы  Пернебай Дүйсенбин, Игілік ауылдық округінің әкімі  Жандос Жанайдаров, мәдениет саласында ұзақ жылдар қызмет еткен зейнеткер Ақділда Диханбай қатысты.

    Әдеби әуен әлемінде өнер иесінің ғибратты ғұмыры баяндалып, «Елге сәлем» бөлімінде мерейтой иесінің арнайы бейнесәлемдемесі көпшілікке ұсынылып, сазгердің «Жайлаукөл кештері», «Еділ мен Жайық», «Әсел», «Нені ойладың» әндері шырқалды.

    Одан әрі «Әнімен елін тербеткен» ақ тілектер легі, «Сырлы жүрек пернесі» сурет галереясы,  «Дала сазының академигі» кітап инсталляциясы, «Сырлы сазгер» атты виртуалды кітап көрмесі ұйымдастырылды.

 

Яндекс.Метрика