Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Жамбыл Жабаев - жүз жасаған бәйтерек

    Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған «Ең үздік ауылдық кітапхана» облыстық байқауы қойнауына құт қонған киелі Жамбыл жеріне бағыт алды.

    Жамбыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Бектөбе ауылдық кітапханасы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Жамбыл Жабаев - жүз жасаған бәйтерек» әдеби-сазды кешін ұйымдастырды.

    ХХ ғасырдың  Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың өмірі, шығармашылығымен таныстыру, ақындық талантын оқырман жүрегіне ұялату, олардың өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыру, патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған іс-шара М.Төлебаев атындағы өнер мектебінің өнерпаздарының қазақтың ұлттық биімен ашылды.

    Абыз ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Жамбыл Жабаев - жүз жасаған бәйтерек» өмірдерек ұсынылып, «Жамбылдың Сүйінбайдан бата алуы» сахналық көрініс қойылды.

    Одан әрі көрермендер ауданның айтыскер ақындары, республикалық, облыстық және аудандық  айтыс жеңімпаздары Алихан Яшар мен Алина Айдаралының айтысын тамашалап,  «Жамбыл – ұлы заманның ұлы ақыны»  кітап көрмесімен танысты.

    Кештің сәні ақын өлеңдерімен жалғасып, Жамбыл аудандық мәдениет үйінің әншілерінің орындауындағы «Ауылым» әнімен қорытындыланды.

Яндекс.Метрика