Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

«Іңкәр-Ғазал» жыр жинағы оқырманға жол тартты

    Әулиеата өңірі талантты ақындардан кенде болған емес. Нәзік жүрегімен поэзияның ауыр жүгін көтеріп жүрген ақындардың бірі - Жұлдыз Бейсек. Біршама уақыт бұрын елордадагы «Qalamger.kz» баспасынан Жұлдыздың «Іңкәр-Ғазал» атты жыр жинағы жарық көрген болатын. Кітаптың алғы сөзін қазақтың аяулы ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова жазған екен.

    «Жұлдыз Бейсектін ақ жібектей жырлары кәусар тазалығымен, шынайы мейірімділігімен баурайды. Оның сөзбен сурет сала білетіндігі, сезіммен ой тұңғиығына бойлай білуі - шын талантқа тән айқын сипат. Поэзия көгіндегі өз жұлдызың биік, өмірін ұзақ болсын, Жұлдыз ақын!», - депті Мемлекеттік сыйлыктың иегері ақын шығармашылығы жайлы ағынан жарылып. Жұлдыздың өзі бұл жинағын дүниеден ерте өткен сіңлісі Іңкәр Асқарқызының рухына арнапты.

    Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында Жұлдыз Бейсектің «Іңкәр-Ғазалының» тұсаукесер рәсімі өтті. Іс- шараға қаламгерлер, ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, Жұлдыздың шығармашылығы туралы ой-пікірлерін білдіріп, табыс тіледі.

       Алдымен Жұлдыз Бейсек бірнеше әдемі өлеңін оқып беріп, жиналғандардың қошеметіне бөленді. Бұдан соң ақынның рухани ұстазы, жанашыры қаламгер Елен Әлімжан сөз алып, өзі таныған кішкентай Жұлдыздың поэзия әлеміндегі үлкен қаламдары жайлы ой қозғады. Жұлдызды алғаш көргендегі естеліктерімен бөлісіп, шығармашылықтың көгінде самғауына тілектес екенін жеткізіп, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров екеуі «Інкәр-Ғазал» жыр жинағының алқызыл лентасын киды.

       Іс-шара барысында ақындар Хамит Есаман, Үміт Битенова Жұлдыздың жұлдызды жырлары жайлы пікірлерін айтып, әдемі өлендер жазып жүрген ақынға деген ізгі лебіздерін арнады. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Жанар Орынбаева Жұлдыздың ақындық қырынан бөлек кісілік келбеті жайлы кеңінен әңгімелеп берді. Тараз қалалық «Жамбыл Тараз» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырзағали мен «Jambyl» телеарнасы директорының орынбасары Алпамыс Қазыбаев та ізгі тілектерін жаудырды. Әріптесіміз Есет Досалы да қарындасына деген шынайы лебізін аяп қалған жоқ.

       Тұсаукесер рәсімінде Жұлдыз ақын әдемі өлеңдерін жиі-жиі оқып отырса, Ғани Мәтебаев, Сұлужан Әбенова, Ақтөре Асқар бастаған өзге де әншілер ақынның сөзіне жазылған сырға толы әндерді шарықтата шырқады. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Күләш Ахметованың жылы лебізін жиналғандар аудиожазба арқылы тыңдады. Соңында Жұлдыздың анасы Гүлнәр Бейсек қызының қуанышына жиналғандарға аналық алғысын айтты. Іс-шараны жас ақын Нұржан Қадірәлі жүргізіп отырды.

«Адалға дүние жақпысың,

Ішсем де мәзбін жас қатып.

Бір жұтым ауа - тәттісін,

Керегі жоқтай басқа түк!» - деп жырлаған Жұлдызға біз де жұлдызың жарық болсын дейміз.

Талғат Абаилдаев,

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Ақ жол. - 2 қазан. - №115.- 6 б.

Яндекс.Метрика