Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

«... Адамдар сыйған табытқа, ақындар бірақ сыймайды»

    Мінезі ерекше, табиғаты ешқандай өңірге ұқсамайтын Жуалыдан қайсар, өткір, күрескер азаматтар көп шыққан. Олардың қатарында Қошқаратаның топырағында туып, Мыңбұлақтың бұлағына жуынған Бауыржан Үсенов те бар. Әттең, өмірі қысқа болды. Әйтпесе, қазақ халқы ақын Бауыржанның талай-талай қасиеттерін, кереметтерін таныған болар еді. Бұл мыңдаған оқырманның жүрегінде жүрген өкініш!

    Ш.Уәлиханов атындағы облыстык әмбебап-ғылыми кітапханасында аталған кітапхана қызметкерлерінің және бір топ курстастарының ұйымдастыруымен ақын, композитор Бауыржан Үсеновтың 60 жылдығына орай «Біздің сезім күзде өлген гүл секілді...» атты еске алу кеші (әдеби артбук) өтті. Бар болғаны 31 жыл ғұмыр кешсе де, артында өлмес өлеңдері мен әндерін қалдырған ақын-композитор Баукеңе деген оқырмандардың сағынышы ерекше екенін кештің өн бойынан аңғарып, толғанып, тебіреніп отырдық.

    Әдеби еске алу кешін ақынның досы, қаламгер, облыстык «Aq jol» газетінің бөлім меңгерушісі Амангелді Әбіл жүргізіп, аққан жұлдыздай өмірден ерте кеткен ақынның өлеңдерінен үзінділер оқып, белгілі тұлғалардың Бауыржан туралы естеліктерін әсерлі жеткізе білді. Бауыржан ақын 1986 жылы әйгілі Желтоқсан оқиғасына қатысып, «Осы көтеріліс - еліміздің Тәуелсіздігінің бастауы» деп айтқан екен. Оның «Түсімде желбірейді - бөрі Байрақ» деген өлең жолдары да халқының азаттығын аңсаған ақынның күрескерлік қасиетінен хабар беретіні анық. Еске алу кешіне орай ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров Астанадан сәлемін жолдаса, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын, курстасы Бауыржан Жақып пен ақын, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржанов бейнебайланыс арқылы лебіздерін білдірді. Атап айтқанда, Бауыржан Жақып: «Алматыда Бауыржанмен жастық жылдарымыз бірге өтті. Бізді өлең таныстырып, поэзия достастырды. Туыс етті. Ол гитарамен өз әндерін, өзге де әндерді керемет орындайтын. Әкесі Мұқан ақсақалдың көзін көрдік. Жазушылар Одағы облыс әкіміне Б.Үсеновке Тараз қаласынан көше берілсе, облыс аумағынан мектептің аты, Жуалыдағы жастар саябағына есімі берілсе деп хат жаздық. Облыс әкімдігінен бізді қолдаған жауап алдық. Бауыржанның өлеңдері мәңгілікке айнала берсін», - десе, Светқали Нұржанов: «ҚазМУ- дың №5 жатақханасында таныстық. Поэзия сапарын бірге бастадық. Ғұмыры келте болмағанда қазақтың алып ақындарының бірі болар еді. Поэзиясынан сондай күш-қуатты сезінуші едік. Алпыс жылдығында кең толғап, кемел жиын өткіземіз деп ойлап, жоспарлап едік. Ол мынау індеттің кесірінен іске аспады. Бірақ, замандастарының, курстастарының әлеуметгік желіге жариялаған үздіксіз жазбаларынан қазақ оқырмандары Баукеңді танығаны анық. Алдағы уақытта да еске алу кештері өте берер. Біз тірі тұрсақ, Бауыржаннын еңселі ескерткіші де тұрғызылып, көшеге де аты берілер. Поэзия тойы тарқамасын», - деп ағынан жарылды.

    Мұнан кейін республикалық «Салық тәртібі» газетінің директор-бас редакторы Ғалым Қасабай ҚазМУ- дың №5 жатақханасында Баукеңмен бірге өткізген студенттік жылдардың қызықтарын әсерлі әңгімеледі. Ал Польшадан арнайы ұшып келген Бауыржанның баласы Мұхамедсалық Үсенов: «Әкемнен 3 жасымда қалдым. Ағам Талғат 5 жаста болатын. Әкемнің жуынып жатқан бір ғана сәті көз алдымда қалыпты. Бірақ, әкемді батыр адам деп есептеймін, ол кісіні мақтан тұтамын», - дей келіп, асқар тауының «Қара машина» атты өлеңін оқып берді. Белгілі журналист Қуаныш Иембердиев Баукеңнің ұлт келешегін ойлаған күрескер ақын болғанына, кеңестік кезеңде репрессияға ұшыраған қазақ халқының біртуар ұлдары жайлы терең ой салатын өткір өлең жазғанына тоқталып, «Бауыржанға Тараздан неге еңселі ескерткіш қойылмайды? Бауыржан Үсеновтың еске алу кештері неге Астана мен Алматыда өтпейді? Бұл - Бауыржан үшін емес, кейінгі жас ұрпақ үшін керек» деп бірнеше мәселе көтерді. Облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт қазақта өмірден ерте өткен Серік Томанов, Бауыржан Үсенов және Есжан Айнабеков секілді таланттар болғанын, билік оларға Жазушылар одағының мүшесі емес деп селқос қарайтынын, дегенменде оларды халықтың жүрегінен өшіру мүмкін емес екеніне тоқталды. Сондай-ақ облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Мейіржан Әлібекұлы, облыстық «Арай» жастар газетінің бас редакторы Дәулет Төленді ақын мұраларын мәңгілік қастерлеу жөнінде ойларын білдірді. Кеш барысында ақынның туған інісі, Ауған соғысының ардагері Біржан Үсенов домбырамен Бауыржанның «Перронда», «Қарлығашым» және Мұқағалидың сөзіне жазылған «Тымырсық» деген әндерін орындап берді. Кеш барысында Жуалы ауданымен онлайн байланыс жасалып, жуалылық Мөлдір Кемелбекова ақынның шәкірті екенін, Бауыржан Үсеновтың алдынан білім алғанын айтса, бірнеше окушы Бауыржанның өлендерін жатқа оқыды. Жас ақын, аудандық «Жаңа өмір» газеті бас редакторының орынбасары Нұржан Дербісәлі ақынға арнаған өлеңін оқып берді. Ақынның жары Гауһар Тажкенова Бауыржанға көрсетілген құрмет үшін кітапхана ұжымына, курстас замандастарына, ұйымдастырушыларға, оқырмандарға алғысын білдіріп, «Бауыржан - тірі. Ол мәңгі жасай береді» деп толқыды.

    Кешті Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Әбдинова қорытындылап, ақын Бауыржанның биік поэзиясына тоқталып, ақынның жары Гауһар Тажкенова мен қарындасы Әлия Кебекбаеваның иығына орамал жауып, құрмет көрсетті. Ал көпшілік Бауыржан Үсеновты еске алу, оның ақындық биік тұлғасын лайықты бағалау мұнан кейін де назарда болатынына сеніп, жақсы әсермен тарқады.

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Есет Досалы,

Ақ жол. – 2020 жыл. - 16 қазан (№121). – 6 б.

Яндекс.Метрика