Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Адалдық жолында

   Жуырда Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Парасат жолы» жобасы салтанатты түрде таныстырылған болатын.

   Нәтижесінде парасаттылық идеологиясын насихаттау мен ілгерілетудің маңыздылығын ескере отырып, кітапханалар базасында «Парасат жолы» филиалдарын жаппай ашып, елордалық тәжірибені еліміздің барлық өңірлеріне тарату туралы шешім қабылданды. Аталмыш жоба бүгінгі таңда Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында жүзеге асырылып, «Жұмадағы жүздесу» атты кездесу ұйымдастырылды.

   Кездесуге департамент жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі Қасымхан Төлендиев, департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, ғылым кандидаты Сейсекүл Исматова, Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы, «Талдау» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Әлмұратов, Жамбыл облыстық мешітінің наиб имамы Ержан Аманбаев, Жамбыл облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім басшысы Асылжан Шайділдаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Саналы ұрпақ» фронт-офисінің үйлестірушісі Асқар Жақсылықов, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының м.а. Жомарт Зұлпыхар, «Jambyl-Taraz» газетінің тілшісі Арайлы Жақсылық қатысты.

   Кездесу барысында Қасымхан Төлендиев «Парасат жолы» жобасы аясында адалдық, әділдік, парасаттылық қағидаттарын кеңінен насихаттау керектігін және жобаның алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастырылатынын жеткізді.

   - Еңселі еліміздің өркендеуіне сыбайлас жемқорлық, заң бұзушылық сынды кеселдердің кедергі келтіріп отырғанын жақсы білесіздер. Мұндай оқиғаларды болдырмауға тек қана мемлекет емес, еліміздің әрбір азаматы мүдделі болуы тиіс. Оған дейін дұрыс нәтижеге жете алмаймыз. Осы мақсатта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүзеге асырып жатқан жобалар аз емес. Бүгінгі «Парасат жолы» жобасы – соның бір тармағы. Бұл жоба арқылы жас буынды адалдыққа, тазалыққа тәрбиелей аламыз. Баршаңызды аталған жобаның өміршең болуына атсалысуға шақырамын, - деді Қасымхан Төлендиев.

   Басқосу барысында Равиль Төлебаев әр кездесуді белгілі тақырып аясында өткізуді және шараға жастарды да шақыру қажеттігін айтты. Штаб өкілдері мен жиынға қатысушылар аталған жобаның бүгінгі маңызы туралы және бұл бастаманы облыстың барлық ауданында ұйымдастыру керектігін жеткізді.

   Шара соңында департамент өкілдеріне қатысушылар тарапынан бірнеше ұсыныс жолданды.

Арайлы Серікқызы

«Jambyl-Taraz».- 2021 жыл.- 10 ақпан (№6).- 5 б.

 

Яндекс.Метрика