Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Ел егемендігімен өркен жайған кітапхана

    Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының  тарихи тамыры 1898 жылы Әулиеата қаласында қоғамдық кітапхана болып ашылған сәтінен басталған. Алғаш кітапхананың кітап қорында 460 дана кітап, 4 газет, 10 журнал болған.

    Бүгінгі таңда кітап қоры – 250965 дана, оның ішінде мемлекеттік тілдегі – 75837 дананы құрайды. Кітап қорының қанша есеге көбейгенін ойлап көріңізші…

    Биыл кітапханаға тіркелген оқырман саны – 10743-ті құраса, келушілер саны – 109220-ға жетіп отыр.

    Тәуелсіздік алған 30 жылда кітап айырбас және тарату секторы мемлекеттік тапсырыс бойынша 2 500425 дана кітап, мемлекеттік тілде 1500450 дана басылыммен толықтырылып, кітаптардың барлығы облыстағы 274 кітапхананың кітап қорына таратылды.

    Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы негізінен үш бағытта жұмыс істейді. Бірінші бағыт – әлеуметтік серіктестік, екінші бағыт – фандрайзинг бағыты, үшінші бағыт – «Паблик рилейшнз» бағыты.

    Бірінші бағыт бойынша кітапхана өз қызметінде әлеуметтік технология жүйесін тиімді қолданып келеді. Осы жүйені іске асырудың негізгі бағыты – әлеуметтік серіктестік. Кітапхана үкімет органдарымен, Тараз қаласының білім мекемелерімен, мәдениет мекемелері, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени орталықтар, «Жамбыл облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу» орталығы және басқа да құрылымдармен тұрақты қарым-қатынас орнатқан. Кітапханада өтетін ғылыми конференциялар, дөңгелек үстел отырыстары, шығармашылық зерттеулер және тағы басқа іс-шараларды ұйымдастыру барысында қызметкерлер  өңірдің белгілі ғалымдары,  зиялы қауым өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс жасайды.

    Екінші бағыт бойынша кітапханада әлеуметтік қолдану технологиясын іске асырудың келесі бір жұмысы – фандрайзинг технологиясын қолдану, яғни материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін бюджеттен тыс қаражатты демеушілер мен сый берушілер есебінен табу.

    Үшінші бағыт бойынша кітапханада әлеуметтік технологияны пайдалану жүйесі «Паблик рилейшнз»  арқылы кітапхана өз қызметіне деген сұранысты қалыптастыруға, БАҚ арқылы тілектес қоғамдық пікір, облыстық кітапханалар жүйесінің жағымды имиджін қалыптастыруды көздейді. Кітапхана ұжымы ұзақ мерзімді «Бабалар ісі – өнеге, сөзі – өсиет», «Бақытың да, байлығың да – денсаулық», «Табиғат бірлігі және көшпелі мәдениеттер» мақсатты кітапханалық бағдарламалары аясында жұмыс атқарады.

    Бүгінгі күні кітапхана 70 компьютер, 14 сканер, 16 принтер, 14 көшірме аппарат және басқа да ақпараттық- техникалық құралдармен жабдықталған.  Ақпараттық орталықтар ашылып, бүгінгі таңда оқырман үшін көшірме жасау, сканерлеу, мәтін теру, рефераттар жазу, интернетке қосылу мүмкіндігін жасау т.б. қызметтерді көрсетеді.

    Кітапханамызда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Туған жер – туған ел» базалық бағдарының «Ауылдық мәдени-ағарту және демалыс орталықтары» жобасы аясында, өңірлік жобалар реестріне енгізілген «Кітапханалар болашағы және болашақ кітапханалары» жобасының бірінші бағыты бойынша «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер» және «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобалары шеңберінде өңірлік толықмәтінді электронды дерекқор мен кітапхана қорында жинақталған мерзімді басылымдар қорының электронды нұсқаларын жасау (өлкелік мерзімді басылымдар дерекқоры) жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

    Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласына орай,  жергілікті ақын-жазушылармен авторлық келісімшартқа тұрып, шығармалары цифрландырылуда.

    Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында, бүгінгі таңда кітапханаға деген сұранысты арттыру, заманауи нарықта кітапхананың жағымды имидждін қалыптастыру мақсатында мекемеде жүргізілген рембрединг жұмыстары арқылы өңір тұрғындарының бос уақытын тиімді пайдалануына арналған заманауи көпфункционалды ақпарат, білім және мәдениет алаңын жасақтау үшін кітапханада бродкастинг, коворкинг алаңдары мен релакс аймағы жұмыс істейді.

    «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында республиканың облыстық кітапханалары бойынша алғашқы болып Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Ашық кітапхана – адал оқырман» жобасы енгізіліп, «Ашық кітапхана», яғни кітапханашысыз кітапхана залы ашылды. Міне осы игі жетістіктердің барлығы Тәңір тарту еткен Тәуелсіздігіміздің жемісі деп есептейміз.

    2020 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Онлайн-кітапхана» жобасы аясында кітапхананың әлеуметтік желі парақшаларында белгілі тұлғалар, қоғам қайраткерлері, түрлі салада қызмет жасайтын мемлекеттік қызметкерлер мен белсенді жастар, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, өнер майталмандарымен онлайн кездесулер мен сұхбаттар ұйымдастыру дәстүрге айналды.

    Осы іс-шараның барлығы Тәуелсіз еліміздің талапқа сай кітапханасында егемен елдің  мәдениеті мен руханиятын көтеру үшін ұйымдастырылды. Тәуелсіз елдің кітапханалары алдағы уақытта да уақыт талабына сай жоғары деңгейде еңбек ете беретіні анық.

Эльмира Абдинова,

Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық

әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры.

    «Aq jol» - Aqparat - 2021. - 30 қыркүйек (№117). – 4 б.

Яндекс.Метрика