Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Өзіңді тану үшін де кітап керек

    «Кітап-білім бұлағы» деген сөзде үлкен мән бар. Кітап арқылы оқырмандардың жан-жақты білім алуымен қатар, патриоттық рухта тәрбиеленуіне, саяси танымын қалыптастырып, ғылыми, кәсіби, мәдени дәрежесінің дамуына әсер етуге болады. Өзің оқыған жақсы кітапты өзгелермен бөлісу-парасаттылықтың белгісі. Осы орайда Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Кітапханаға кітап сыйла»! акциясын ұйымдастырды.

    Акцияда «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мәди Мәтен сөз сөйлеп, кітаптың баға жетпес байлық екеніне тоқталды. Акцияға қатысушылар отбасы кұндылықтары, тәрбиенің қоғамдағы рөлі тақырыптарында ұлы тұлғалардың пайымды пікірлерін ортаға сала отырып, Расул Ғамзатовтың «Өзіңді өзің тану үшін кітап керек. Өзгені тану үшін де кітап керек» деген керемет пікірін негізге алып, жастарды кітап оқуға шақырды.

    Мұнан соң Мәди Мәтен кітапханаға Елбасының құнды кітаптарын табыс етсе, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жанындағы «Аналар» алқасының төрайымы, «Қыздар тәрбиесі» оқу құралының авторы Жанат Сарыбекова, Ақпарат саласының үздігі, Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану орталығының» аға ғылыми қызметкері Ерман Әбдиев өз кітаптарын тарту етті. Бұл кісілердің жеке кітапханасында 1 мыңға жуық кітап қоры бар екен. Жамбыл ауданы, А.Макаренко атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, бірнеше оқу құралының авторы Салтанат Жұмабекқызы кітапхананың алтын қорына жеке мұрағатындағы кітаптарын сыйға тартты.

    Осы орайда кітапхана директоры Эльмира Абдинова сөз сөйлеп, акцияға қатысушыларға ізгі-тілектерін жеткізіп, сый тарту ретінде «Кітапхананың Құрметті оқырманы» лентасын табыстады.

    Айта кету керек, «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы бойынша игі бастама жыл соңына дейін жалғасын табады.

 

                                                                                                     Есет ДОСАЛЫ

«Aq jol». - 2021 жыл. - 7 қазан (№120). - 8 б.

 

 

Яндекс.Метрика