Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Мәңгілік елдің руханият ордасы

    Қас пен көздің арасында қамшы салдырмай қарыштап дамыған бүгінгі заманда бұрын соңды ел естіп, көз көрмеген заманауи салалар пайда болып, кейбір салалар тіршілік сахнасынан алыстағаны жасырын емес. Алайда айтуға келгенде тіл сынып, оқи қалсаң көз сүрінетін жаңа мамандықтардың қатарында көнеден келе жатқан өміршең салалар да бар. Себебі олар адамзаттың қолы айға жетсе де өмірдің мәңгілік қажеттілігі, руханияттың өшпес өнеге ошағына айналған. Соның бірі һәм бірегейі - кітапхана саласы.

    Адамзат баласы қара танып, санасы жетілген уақыттан бері бірге жасасып келе жатқан кітапхана саласының тарихы тым тереңде. Біздің заманымыздан бұрынғы VII ғасырдың ортасында Ассирияның патша сарайындағы қыш тақталарға жазылған жазбалар жинағы, әлемге әйгілі Александрия кітапханасы, ал ІХ-ХІ ғасырларда Бұхара, Самарқанд, Отырар, Үргеніш, Мерв қалалары ғылыми және әдеби кітап қорларымен аты шықты. Ұлы ғұлама әл-Фарабидің туған қаласы Отырарда Александриядан кейінгі әлемдегі екінші ең ірі кітапхана болған деп есептеледі. Қазіргі уақытта елімізде жиырма мыңға жуық кітапхана жұмыс істейтін көрінеді. Оның ішінде Қазақ хандығының іргесі қаланған қасиетті Әулиеата өңіріндегі қарашаңырақтардың да өзіндік орны орасан. Сананы тұрмыс, тіршілікті технология билеп-төстеген бүгінгі заманда кітап оқитындардың қарасы азайғаны рас. Бірақ мүлдем жоғалып кеткен жоқ. Шығыстың жарық жұлдызы Әлішер Науаи «Кітап - ақылына ақыл сұрамайтын алтын қазына» десе, тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың«Келешекте кітап оқығандар интернетте отырғандарды басқаратын болады» деген жалынды һәм мағыналы сөзі – шындықтың өзі. Әрине, жарық жылдамдығымен жарыса жетілген сан салаға қарап, ежелден келе жатқан кітапхананың келешегі де көңіл толғандыратыны жасырын емес. Десекте кітапхана рухани Эверест сияқты мәңгілік биігінен мызғымайтын тұғыр болып қала бермек.

    Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы төл тарихының тамыры 1898 жылы Әулиеата қаласында қоғамдық кітапхана болып ашылғаннан басталады. 1965 жылы кітапханаға қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың есімі берілген. Кітапхананы 2012 жылдан бастап Эльмира Абдинова басқарып келеді. Алғаш кітапхананың кітап қоры 460 дана кітап, 4 газет, 10 журнал болса, бүгінгі таңда кітап қоры – 250 965 дана, оның ішінде мемлекепік тілдегісі – 75 837 дананы құрайды. 2021 жылы кітапханаға тіркелген оқырман саны – 10 743-ті құраса, келім саны – 109 220-ға жетіп отыр.

    Кітап қорында қоғамдық-саяси ғылымдар, жаратылыстану ғылымдары, денсаулық сақтау, медицина ғылымдары, техника ғылымдары, ауыл және орман шаруашылығы ғылымдары, өнер, денешынықтыру, спорт ғылымдары, филология, тіл білімі ғылымдары секілді сан саланы қамтитын көркем әдебиеттер қамтылған.

    Кітапханадағы кітап айырбас және тарату секторы облыстық, қалалық, аудандық кітапханалардың қорларын мемлекеттік тапсырыспен, облыстық бюджепен кітап алуға бөлінген қаржыға алынған әдебиеттермен және сый кітаптармен толықтыру мақсатында жұмыстар жүргізуде.

   Кітапхана жаңа ғасыр талаптарына сәйкес оқырмандарға қызмет көрсету аясын кеңейту мақсатымен жігерлі де ынталы ізденістер үстінде. Жыл сайын әдістемелік, библиографиялық құрал шығарып, облыстық тәжірибелік семинарлар өткізіп, кітапханашылардың көсіби шеберлік мектебі мен білімін жетілдіру курстары жұмыс жасайды. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы негізгі үш бағытта жұмыс жүргізеді. 1-бағыт – әлеуметтік серіктестік, 2-бағыт – Фандрайзинг бағыты, 3-бағыт – «Паблик рилейшнз» бағыты.

    Сондай-ақ кітап арқылы оқырмандардың жан-жақты білім алуымен қатар патриоттық рухта тәрбиеленуіне, саяси санасын қалыптастырып, ғылыми, кәсіби, мәдени дәрежесінің дамуына әсер ету мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітап – сарқылмас қазына», «Кітапханаға кітап сыйла» акциялары өтті.

    Акцияның шымылдығын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Жамаубайұлы ашып, құттықтау сөз сөйледі.

    Игі шараға алғашқылардың бірі болып атсалысқан ҚР Мәдениет қайраткері, мәдениет саласының ардагері, өлкетанушы Әлібек Әмзеұлы, көрнекті ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Зәйтенұлы, Жамбыл облысы мәслихатының хатшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Махметқали Нұрғалиұлы, Жамбыл облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, ардагер журналист, қаламгер, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, телевизия саласының ардагері Қалыбек Жапарұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің және ҚР Мәдениет саласының үздігі Үміт Қыранқызы кітап қорына өздерінің арнайы акцияға деп алып келген кітаптарын тарту етті. Аталған акция жыл соңына дейін жалғасын табады.

    Сол секілді 2020 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Онлайн кітапхана» жобасы аясында кітапхананың әлеуметтік желі парақшаларында белгілі тұлғалар, қоғам қайраткерлері, түрлі салада қызмет жасайтын мемлекеттік қызметкерлер мен белсенді жастар, зиялы қауым өкілдері, ақын- жазушылар және өнер майталмандарымен онлайн кездесулер мен сұхбаттар ұйымдастыру дәстүрге айналды.

    Қорыта айтқанда, дәуірлердің сөресінен суырып, ғасырлар парақтаған құнды жазбалардың барлығы осы кітапханаларда сақтаулы. Ол жерден Абай мен Жамбылды, Әлихан мен Ахметті, Сұлтанмахмұт пен Мағжанды, тіпті Гете мен Шекспир, Пушкин мен Есенинді де кездестіру қиын емес. Солардың рухани байлығымен тыныстаған адам санасы жаңа мүмкіндіктерге серпіліс пен сілкініс жасап, әлемдік ауқымда көреген көзқарасты қалыптастырарына қарашаңырақтың өзі куә, қазынасы дәлел. Адам жанының сарқылмас азығына айналған, тағылым валютасы ешқашан өз құнын жоймақ емес. Ол сәт сайын қымбаттамаса, арзандамайтыны тағы анық.

 

Ar-Ai. - 2021. – 15 қазан (№82). - 8 б.

Гүлайым АБИЛЬДАЕВА,

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық

әмбебап ғылыми кітапханасының

кітап қорын сақтау бөлімінің меңгерушісі

Яндекс.Метрика