Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

«АРАН» ӘҢГІМЕСІ ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНА АРНАЛҒАН

    Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен аталған мекеменің «Коворкинг» орталығында жазушы, облыстық «Aq jоl» газетінің бас редакторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлының мерейтойына орай әдеби променад өтті. Ол «Қалам мен ғалам» деп аталды.

    Әуелі профессор, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіндегі «Дулатитану» орталығының директоры Сәмен Құлбарақ кеш иесінің ерекше екі қырына тоқталып, алдымен өмір, қоғам мәселелеріне терең бойлаған журналистиканың ірі өкілі екеніне, Д.Қонаев, Н.Назарбаев, К.Тоқаев, Б.Момышұлы, Ш.Смаханұлы жайлы кесек-кесек мақалалар жазған көркемсөз шебері екеніне назар аударды. Сондай-ақ, кеш иесінің жазушылық қырына да тоқталып, «Аран», «Қазанамашы», «Сумен жазылған өлең» атты шығармаларын талдап берді.

    Мұнан соң жазушы, драматург Болат Бекжанов сөз алып, Көсемәлі Сәттібайұлы шығармашылығының балалар тақырыбынан басталғанына, әр шығарманы жазарда жаңа форма тауып, философиялық ой айта білетініне, келесі жылы облыстық қазақ драма театрында К.Сәттібайұлының «Аран» атты шығармасы сахналатынына тоқталып, оның әйгілі Желтоқсан оқиғасына арналғанын айтты. Астар - әдібіне үңілді.

    Бұдан кейін ақын Үміт Битенова жазушыға деген жылы лебізін жеткізіп, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Жұматай Көксубай жазушыға арнаған өлеңін оқыды. Облыс әкімдігі білім басқармасы мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізетін орталықтың оқушылары кеш иесіне арналған, елімізге белгілі ақындар Күләш Ахметова, Ақмарал Леубаева, Асхат Қылышбектің өлеңдерін оқып берді.

    Мұнан соң жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы сөз алып, өзінің бірнеше шығармасына, олардың жазылу тарихына тоқталып өтті. Алыста қалған балалық шағына саяхат жасап, «Сәттібай» базында қалған кіршіксіз балалығы, мектеп кезінде республикалық «Ұлан» газетіне (бұрынғы «Қазақстан пионері») көктем туралы өлеңін екі-үш жыл қатар жібергенін, аталған басылым ол өлеңді баспағанын, сол газеттен «Талабың жақсы, жаза бер!» деген мәтінде хат алғанын қызықты етіп баяндап берді.

    Сұрақ-жауап та қызықты өтті. Студенттер Мавлюда Әбсаттар, Жанель Жұмағазы өздерін толғантқан сауалдарын қойып, «Сізді түзеткен, сізге ұстаз болған адам бар ма?» - деді. Жазушы бұл орайда шығармашылық адамы үнемі, сәт сайын ізденісте болуы керектігін, өзі жұмысын 19 жасында аудандық газеттен бастағанын, алғашқы бас редакторы Әбдірахман Әбдірәсіловтен журналистиканың қыр-сырын үйренгенін әңгімеледі.

    Кешті кітапхана бөлім меңгерушісі Анар Баймағанбетованың сәтті жүргізгенін айта кеткен жөн.

    Іс-шараны кітапхана директоры Эльмира Абдинова қорытындылап, кеш иесі, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлына «Жазарыңыз көп болсын!» деп естелікке қаламсап ұсынды. Осылайша, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері әсерлі әдеби кездесудің куәсі болды.

Есет Досалы,

Ақ жол. - 2019. - 14 желтоқсан (№140). - 6 б.

 

Яндекс.Метрика