Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Бұл фестиваль басқалардан өзгерек

23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Көне Тараз» этномәдени кешеніндегі «Көркемсурет» галереясында «Art & Science: білімге деген құштарлық» Jambyl book fest кітап фестивалі басталды. Фестиваль екі күнге жалғасады.

   Мәні мен маңызы зор іс-шара шеңберінде «Алқа», «Қасым», «Таймс», «Отбасы хрестоматиясы» сынды баспалар мен «Букинист», «Кіtаpаl», «Шерхан Мұртаза» кітап дүкендерінің өкілдері кітаптарын таныстырып, саудалады. Кітап жәрмеңкесіне белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар, танымал тұлғалар қатысуда. Екі күн бойы галереяда жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, түрлі тақырыптар аясында тренингтер, акциялар, ойын-сауық бағдарламалар ұйымдастырылады.

   2013 жылдан бері «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен кітаптар шығаратын қоғамдық қордың директоры Бағдат Құдияр кітап фестивалін өткізудің тәрбиелік маңызы зор екенін айтады.

– Осы уақытқа дейін баспадан 60-тан аса кітап шығардық. Кітаптарымыздың барлығы бестселлер. Тараз қаласында өтіп жатқан фестивальға жақында ғана жарық көріп, үш айдың ішінде 30 мың данамен сатылған «Өзбекәлі» және «Мәдени майдан», соңғы шыққан «Мамандықтың мәні», бұрынырақта шыққан «Бейсен болмыс», «Балалықтан даналыққа», «Әлдиден эпосқа дейін» сынды бірнеше кітабымызды әкелдік. Жалпы командада оншақты адам жұмыс істейді. Ұлттық құрылтайда Президент барлық өңірде кітап жәрмеңкелерін өткізу туралы тапсырма берді. Осы ретте жуырда ғана Астана қаласында халықаралық фестиваль ұйымдастырылды. Бүгін тарихи Тараз қаласына табан тіреп отырмыз. Алдағы уақытта да осы бағыттағы іс-шаралар өңір-өңірде белсенді жалғасуы керек деп ойлаймын, – деді Бағдат Құдияр.Іс-шарада бірқатар қаламгердің кітаптарының тұсаукесері өтті. Арасында жергілікті ақын-жазушылар да бар. Мәселен, жуырда баспадан басылып шығып, кітап жәрмеңкесінде оқырманға жол тартқан «Арал – әлем тағдыры» өлеңдер мен толғаулар жинағына оқырмандар тарапынан сұраныс жоғары болды. Кітап авторы Мақсым Боқаев еңбегінде экологиялық аймақтың бүгіні мен болашағы турасында толғапты.Табиғи апаттар адамзаттың қолымен жасап жатқан әрекеттерінің нәтижесі. Себебі Табиғат-анамыз ашулы. Танымал ақын емеспін, тек жерлестерім ғана біледі. Бірақ «шын жыласа, соқыр көзден жас шығады» демекші, Аралдың тағдырын ойлап, үш кітап жаздым. Табиғат пен адамның тағдыры – бір. Сақ заманынан келе жатқан Арал теңізінің тарихы тереңде. Арал теңізі талай адамды ажалдан аман алып қалған. Себебі ашаршылық және басқа да қиын-қыстау жылдарда халық теңіздің арқасында аман қалды. Кезінде тереңдігі 6-7 шақырымға дейін жеткен. Балықтың да түр-түрі мекен ететін еді. Өкінішке қарай, қадірін білмедік. Осы мәселенің барлығы кітабыма арқау болды, – деді кітап авторы.Айта кетейік, кітап жәрмеңкесі 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді.Фестивальда кітапқұмар оқырмандар ойларын бір арнада тоғыстырып, сүйікті кітаптарын сатып алып, арқа-жарқа болуда.

 

Эльмира ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ

«AR-AI». - 2024. – 24 сәуір  (№31). – 2 б.

Яндекс.Метрика