Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Бүгінгі кітапхана. Ол қандай болу керек?

   Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ауыл кітапханаларының жұмысын жандандыруды көздейді. Осы мақсатта «Өлкелік туризм кітапхана жұмысының инновациялық түрі ретінде» кітапханалык жаңа жобаны қолға алып отыр. Енді ұжым мүшелері түгелдей дерлік аудандарды аралап, көшпелі көрсетілім іс-шараларын өткізбекші.

     Кітапханашылардың кәсіби құзыреттілігін дамыту, кітапхана мен кітапханашы мамандығының позитивті имиджін нығайтуды мақсат тұтқан туристік саяхатты ақпан-қазан айлары аралығында өткізу жоспарланған. «Осылайша ауылдағы мамандардың қоғамдық және кәсіптік әртүрлі өмір тараптарын қамтып, өңірдің ерекше мәдени, тарихи, әдеби мұраларын тереңінен насихаттай отырып, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық мүддені қорғауға деген игі сезімді оятуға атсалысамыз. Уақыт ағымына қарай қазіргі кезде кітапхана – заманауи көпфункционалды ақпарат, білім және мәдениет алаңына айналып отыр. Мұндай жаңа талапқа сай жұмыс жүргізу үшін кітапханашы нені біліп, қандай технологиялардың тілін меңгеруі керек? Жаңа жоба аясында осы бағытта өзара тәжірибе алмасуды қамтамасыз ететін боламыз», - дейді облыстык әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Әбдинова.

    Ұйымдастырушылар аталмыш жобаны жүзеге асыруды Жамбыл ауданы Айша бибі ауылындағы кітапханадан бастады. Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына орай «Ғылым – шындық, сопылық – сұмдық. Бұл – ақиқат...» тақырыбындағы әдеби постулат өткізген ұйымдастырушылар іс-шарада ғұлама ғалым әл-Фарабидің трактаттарын, өлеңдерін оқып, қойылымдар қойып, ән шырқады.

    Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлнұр Алтынбекова бұл іс-шараны өткізуге Аса ауылы Б.Момышұлы атындағы мектептің мұғалімі мен оқушылары, К.Әзірбаев атындағы филармонияның әншілері де атсалысқанын айтады. Жыр-термелер әуелеп, ғұламаның толғауы жырлаған әдеби постулатта кітапхананың тұрақты жас оқырманы Бейбарс-сұлтан Баймұрат әл-Фарабидің бала бейнесін сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

 

Жамбыл ауданы.

Ардақ Үсейінова,

Ақ жол .- 2020.- 2 наурыз (№25).- 6 б.

Яндекс.Метрика