Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

АҚПАРАТТЫҚ ИНТЕЛЛЕКТ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛДЫРАМЫЗ:

    Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының онлайн форматындағы іс-шаралары

    Өңір тұрғындарына жаңа дәуірде, жаңа дәстүрде қызмет етіп, жұмыс саласында жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы заманның ағымына ілесуге тырысып, көп салалы толыққанды ақпараттармен оқырмандарды қамтамасыз етіп отырған Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы өз қызметін мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, болашақ ұрпаққа еліміздің Тәуелсіздік алғаннан бері орын алған мемлекеттік, қоғамдық және рухани маңызы бар оқиғалардың маңыздылығын жеткізу бағытында үйлестіріп келеді.

    Үстіміздегі жылы короновирус пандемиясының салдарынан елімізде төтенше жағдай жариялануына орай кітапхана қызметкерлері Ғасеbоок, Instagram  әлеуметтік желілерінде онлайн форматында іс-шаралар жариялап, кітапхана оқырмандарына өз қорындағы әдебиеттерді насихаттау жұмыстарын жүргізуде.

    Мақсатымыз кітапхана қорындағы бай рухани-әдеби мұраларды тереңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық мүддені қорғауға деген игі сезімді оятуға атсалысу, жастарды туған жерге, бір-біріне шексіз адалдыққа, мейрімділікке, сүйіспеншілікке баулу. білім және мәдениет алаңы ретінде кітапханалардың қоғамдағы деңгейін арттыру.

    Әлемді дүр сілкіндірген ауыр кесел кезінде «теңізге құйған тамшыдай» болса да кітапхана өз тарапынан қала тұрғындары, оның ішінде жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көліктің жүргізушілеріне медициналық бетперде мен қолғаптар таратты.Кітапхана сайтында арнайы «Оқу» бөлімінде «Әдеби әлем» айдары ашылған.

    Осы айдар арқылы жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын жүктеп алып, еркін онлайн оқу мүмкіндігі жасалған. Сөйтіп, кітап іздеген оқырман кітапхана сайты арқылы Жамбыл облысының 51 ақын-жазушы, тарихшы, зерттеушілерінің 131 кітабын онлайн оқи алады.

     Сонымен қатар, өлкетану қорын пайдаланушыларға кең көлемде қолдануға мүмкіндік беру, мәтін бойынша іздестіруге, қызығушылығы басым пайдаланушылардың бірегей басылымдарға қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында кітапханада «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер» жобасы аясында жүргізіліп отырған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде түрлі бағытта (Жамбыл облысының тарихы, экономикасы, мәдениеті, тарихи-мәдени ошақтары, белгілі тарихи тұлғалар, ҰОС және Ауған соғысының ардагерлері және т.б. тақырыптар аясында) жергілікті мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалардың электронды көшірмелері (бүгінгі таңда барлығы 1566 мақала) өңірлік толықмәтінді электронды дерекқорға жинақталып, кітапхана сайтына орналастырылған.

     Бүгінгі күнге дейін әлеуметтік желілер арқылы кітапханашылар 50-ден аса іс-шара өтікізіп, жан-жақты ақпараттармен өздерінің онлайн оқырмандарын қамтуда. Мәселен, 15-ші наурыздан бері коронавирустың алдын алу бойынша ақпараттар, белгілі тұлғалардың туған күндері мен мерекелік күндерге орай іс-шаралар, адамзат тарихында өзіндік қолтаңбалары бар түркі тарландары - Әбу Насыр Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Абай Құнанбайұлы және Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері мен кітаптарынан онлайн кітап көрмелері күнделікті әлеуметтік желілерде жарыққа шығуда.

    Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Ерлік жырын жырлаймыз!» онлайн библиодайвинг, 7 сәуір - Дүниежүзілік денсаулық күніне орай «Біз өмірді қалаймыз» онлайн форум, «Жақсы денсаулық өмір жасыңызды ұзартады» онлайн жаттығу, 15 сәуір - Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күніне орай «Поэзиядағы махаббат хаттары» әдеби буриме, 1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай «Қазақстан - ортақ үйіміз» онлайн Достық фестивалі, 7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне орай «Ұранды ердің - ұрпағы қайсар» онлайн Жүрек лебізі ұйымдастырылды.

    Бірнеше онлайн іс-шара шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналды. Кітапханашылар «Әл-Фараби - өркениет ойшылы» философиялық таным мен «Әбу Насыр Әл-Фарабидің трактаттары» онлайн оқу барысында виртуалды көрме ұйымдастырып, ғұламаның трактаттарын оқып, жазылған деректер мен зерттеулерге шолулар жасап, оқырмандарды кең таныстыруда.

    Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында ақын шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатында «Қара сөз - дана сөз», «Абай жүрген ізбенен...» онлайн Абай оқулары ұйымдастырылды. Іс-шаралар барысында кітапханашылар мен оқырмандар Абайдың әндерін, өлеңдерін, қара сөздері мен күйлерін орындап, кітап көрмесіне онлайн шолулар жасады.

    Кітапханашылар ізденіс барысында Ұлы Абай жайлы жазылған тың деректер, қызықты материалдарды оқырмандар назарына жанды дауыста ұсынды.

    Бүгінгі күнге дейін кітапхананың ұйымдастыруымен әлеуметтік желіде 70-тен астам Абай шығармашылығы насихатталса, біз ұсынған челлендж облыс кітапханаларында жалғасын тауып, бұл цифр бірнеше есеге көбейді.

    Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Ерлік жырын жырлаймыз!» онлайн библиодайвинг барысында ежелден ер деген атымыз шыққан халықтың батыр ұландарының ерлігі мәңгі өшпейтіндігі, олардың ерлігі елге-мұра, ұрпаққа - ұран екендігін, Отан үшін отқа түскендер ешқашан да ұмытылмайтынын, ерліктері мәңгілік асқақтай беретіндігін насихаттау мақсатында кітапханашылар ерлік жырларын, соғыстағы солдаттардың хаттарын, кітап қорындағы әдебиеттерді, оның ішін- дегі «Боздақтар» кітабын онлайн насихаттады.

    Акциясының мақсаты - жастардың бойында отансүйгіштік, азаматтық парыз, туған жеріне, елі мен халқына, оның тарихына деген жауапкершілік сезімдерін арттыру.

    Ақын, Қазақстанның халық жазушысы Т.Молдағалиевтың 85 жылдығына орай оқырмандарға ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттау, әдебиетке деген ынталарын арттыру, көркем сөз оқу шеберлігін, ізденімпаздық қасиеттерін қалыптастыру мақсатында «Алатаудың шыңындай тұлғалы ақын» жыр-сандық ашылды. Іс-шара барысында оқырман қауымның талғамындағы шығармалары мен адамның рухани дүниесімен, адамгершілік мұраттарын арқау еткен Тұманбай Молдағалиевтің өмір жолына арналған бейне-слайд көрсете отырып, кітапхана қызметкерлері ақынның ғұмыры - жырға, жыры - ғұмырға айналған өлеңдерін жолдады.

    Әлеуметтік желі арқылы ұйымдастырылған «Біз - жалынбыз, өшпейтін мәңгібақи» атты әдеби проспекті ақын, аудармашы, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Ғинаятұлы Мырза Әлінің туғанының 85 жылдығына арналды. Іс-шара барысында Қадыр Мырза Әлінің өмір жолы, шығармалары, зиялы қауым өкілдерінің пікірлері, ақынның сөзіне жазылған әндері туралы арнайы слайд көрсетіліп, бейнеролик түрінде көпшілік назарына ұсынылды.

    Сықақшы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы сатира кеңесінің төрағасы К.Әмірбектің 70жас мерейтойына орай «Ұлт өнерінің мақтанышы» күлкі-тайм ұйымдастырылды. Ұлттық сатираның ұлағатты ақсақалына айналған Көпен Әмірбек күлкісінің кереметі - оқиғасының қызықтылығында, кейіпкерінің мінез-құлық, бол-мыс-бітімінің ерекшелігінде ғана емес, қара сөзбен күлкілі бейне жасай білетін сайыпқыран шеберлігінде болып табылады.

    Жазушының ана тіліміздің көркемдік құнарын барынша аша түсетін айрықша стилі туралы айтқан кітапхана қызметкерлері Көпен күлкісімен бөлісіп, шығармаларынан үзінділер оқыды.

    Ал, 15 сәуір - Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күніне орай қазақ әдебиетіндегі ақындарымыздың поэзиядағы махаббат тақырыбында жазған өлеңдерін насихаттау мақсатында «Поэзиядағы махаббат хаттары» онлайн әдеби буриме ұйымдастырылды.

    Әдеби буриме барысында кітапхана қызметкерлері Ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фа- рабидің, Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың, ақиық ақын М.Мақатаевтың, жергілікті ақын Серік Томанов және басқа да ақындардың махаббат жырларын оқыды. Сонымен бірге «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын кеңінен насихаттау бағытын ұстанған «Телегей ойдың негізі» жобасы аясында кітапхананың ұйымдастыруымен облыстан шыққан ақын жазушылармен онлайн кездесулер өтті.  Мысалы «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар Одағы Жамбыл облыстық филиалының лауреаты, ақын Хамит Есаманның қатысцымен өткен «Ғашық болып өлең жазсаң жетістік...» онлайн кездесуі барысында ақын туған ортасынан түлеп ұшқаннан бүгінгі күнге дейінгі жетістіктерімен бөлісе отырып, өз өлеңдерін оқыды.Оқырмандар тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар берді, кітапхана парақшасында жариялады.

    Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі», «Мәдениет саласының үздігі» ақын-журналист Ғайни Әлімбекқызының шығармашылығына арналған «Халықтан алған батаны» атты Ғайни ақынның онлайн өнер аялдамасы барысында кітапхана қызметкерлері арнайы слайд, бейне роликтер арқылы ақынның көркем тілмен жазылған сырлы өлеңдері оқырмандарға әлеуметтік желі арқылы жеткізілді.

    Ақын Ғ.Әлімбекқызы поэзия - бұл әдебиеттің ең нәзік саласы, ол үшін табиғаттың әрқилы тылсым сырларын түсінумен қатар, өмірді де шынайы ұғыну қажет екендігіне айтып, өлеңді өмірімнің мәні деп білемін, - дей келе еңбек жолына тоқталып, өлеңдерін оқыды. Оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға көңілге қонымды жауаптар берді.

    Кітапхананың ұйымдастыруымен ақын шығармаларын насихаттау мақсатында жас ақын Данияр Әлімқұлдың қатысуымен «Жүрек хаттары» онлайн поэзия түні өтті. Кітапхананың әлеуметтік желідегі парақшасында өткен онлайн поэзия түнінде ақынның жүрегінен орын алған сезім мен сергелдең, дүниенің дүрбелеңі, қоғамның қасаң қағидалары һәм ғаламның сұлулығы, іңкәрлік пен ізгілік, мейірім мен махаббат жырлары қаламгердің сөз құдіретін таныған, өз ойын өлеңмен шебер өрнектей алатын ақын екенін аңғартты. Кітапхана қызметкерлері ақын Д.Әлімқұлдың таңдаулы жырларын жатқа оқып, оның мерейін тасытып, сұрақтар қойды.

    Республикалық облыстық, аудандық мүшәйралардың жеңімпазы, өлеңдері республикалық «Жыр маржаны» атты 10 томдық ақындар антологиясында, «Дала дарыны» сериясымен, «Әулиеата әуендері», «Өрімтал» жинақтарында шыққан жас ақын Арайлы Жақсылықпен «Қауырсын қалам» онлайн түнгі поэзия кеші өтті. Сол сияқты «Миллениум» онлайн поэзия кеші ақын, «Ақжол» газетінің тілшісі, Жамбыл облысы әкімі сыйақысының, облыстық, республикалық мүшәйралардың жүлдегері Табиғат Абаилдаевтың қатысуымен өтті. Кітапханада ұйымдастырыдған айтыскер ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Есет Досалымен «Балалық - балдәурен» онлайн сұхбаты да жұршылық көңілінен шықты.

Жамбыл облыстық «Арай» газетінің «Мәдениет және өнер» бөлімінің редакторы Нұржан Қадірәлімен өткен «Әдебиет деген періште» онлайн кездесу кешіде көңілден шықты. Кездесу кешінде ақын өлең оқып, оқырмандардың сұрақтарына жауап берді.

    Ал, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтары мен Қазақстан авторлары қоғамы, ҚР театр қайраткерлері Одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, тұнық лирикасымен талайлардың жүректерін жаулаған ақын-жазушы, сазгер Үміт Битеновамен «Көңіл күнделігі» атты онлайн сұхбат ұйымдастырылды.

    «Ақпарат саласының үздігі», облыстық «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі, журналист Ерман Абдиевпен «Елдің жанашыр перзенті» онлайн сұхбат ұйымдастырылды. Сұхбат барысында Ерман Әбдиев Ш.Смаханұлы, О.Иманалиев, Н.Қашағанұлы, С.Томанов, Ә.Жанқұлиевтің шығармашылығын зерттеп, жинақтағанын, қазіргі таңда өткен ғасырдың басында төменгі Талас өңірінде өмір сүрген Қошан ақын мен композитор Мэлс Өзбековтың өміріне қатысты жинақты құрастыру үстінде екеніне тоқталды.

    Біздің оқырмандарымыз бен көрермендеріміз ғаламтор желісіндегі шараларда жас дарындарды насихаттауға баса көңіл бөліп отырғанымызды аңғарары анық. Айталық, жас ақын-сазгер, әнші, журналист Нұрлан Әбдікәріммен «Тыңда, дала, үнімді!» атты онлайн поэзия кеші өтті. Кеште жас ақын онлайн келіп түскен сұрақтарға жауап беріп, қазіргі өлеңдердің құрылымына назар аударып, өлең өлкесінде жүрген жас ақындардың шығармашылығы туралы ой қозғады.

    Сондай-ақ, жас ақын, психолог Марал Хантөреқызымен өткен «Өлең мен Өмір» атты онлайн кешінде ол ақын поэзиясымен қатар, отбасы құндылықтары жайындағы тақырыптарға да кеңінен тоқталды. Жас ақындар арасында өткен Республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы Ғайникен Маралтайқызымен «Арманшыл қыз едім аспаннан іздер аңсарын» атты онлайн поэзия кеші, айтыскер, ақын, сазгер Олжас Отармен «Жүректерді жүрегімен тербеткен» тақырыбында онлайн кездесу ұйымдастырылып, желі оқырмандары олардың мөлдір жырларымен әбден сусындады.

    Өмірін шығармашылыққа арнаған жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлымен «Сөз майданының сардары» атты онлайн сұхбат жүргізілді.

    Сұхбат барысында Көсемәлі Сәттібайұлы бала арманының жетектеп, алып қала Алматыға апарғанын, Ұлттық университетте қазақтың ұлы ұстаздарының дәріс алғанын, алғаш қызмет жолын аудандық газеттен бастағанына тоқталды.

    Журналистикада жүрген жылдарын, оның ішінде Шыңғыс Айтматов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов және тағы да басқа алып тұлғалармен болған сұхбаттары, мақала жазудағы үлкен ізденістері жайында және жазуға адалдығымен, өмірдегі тәжірибесімен бөлісті.

    Отбасы жылулығы, құндылығы, бала тәрбиесі төңірегінде келелі ой қозғап, ел намысын қорған жүрген боксшы, Азия чемпионатының қола жүлдегері, бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы Олжас ұлының жетістіктерімен мақтанатынын, ол жарысқа кеткен сәттегі әкелік қобалжу, ұйқысыз түндер, жүрекке түскен салмақ жайлы толқып отырып әңгімеледі.

    Сонымен бірге оқырмандардан келген сауалдарға жауап беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Эфирдегі әңгіменің өзектілігі оқырмандарды баурап алып, аз уақыттың ішінде 4 мыңнан астам адам қамтылды.

    Сонымен бірге 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай көрермендер тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сейдахан Бақторазовпен «Мәңгілік мұң-шерлі шемен», Рамазан айында орталық мешіттің наиб имамы Ержан Аманбаевпен «Қадір түні қайырлы мың айдан да», ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаевпен «Азамат жолы- ар жолы» тақырыптарында онлайн сұхбаттарды тамашалады.

    Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтарды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ж.Капарова әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде өңір кітапханаларының қызметіне жаңадан енгізіліп жатқан WEB-РАБИС автоматтандыру бағдарламасының жұмысымен аудандық пен ауылдық кітапханашыларды жете таныстырып, оның жұмыс жасау әдістерін, бағдарлама модульдерін қалай дұрыс толтыру мен тиімді пайдалану жолдарын үйретіп, тәжірибесімен бөлісті. Қамтылған 426 маман онлайн коучингтен алған ақпаратты келешекте өз қызметінде тиімді пайдаланады деген сенімдеміз. Қорыта келгенде, аталмыш жұмыстардың қызмет көрсетудің дәстүрлі түрлерімен қатар электрондық ақпараттық қызмет аясын кеңейту, әлеуметтік маңызды ақпарат пен білімге түрлі жас топтары мен тұрғындар санаттары үшін еркін қолжетімділік аясын кеңейту, оларға әлеуметтік бейімделу мәселелерін шешуге жәрдемдесу арқылы кітапхананы ақпараттық Интеллект-орталығы ретінде танытудағы орны ерекше екенін ұғынған Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері әрбір іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне барынша атсалысуда.

 

Эльмира АБДИНОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық

 әмбебап ғылыми кітапханасының директоры:

КІТАП & КІТАПХАНА. - 2020 жыл. - №4(16). - 17-22 б.

 

Яндекс.Метрика