Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

«Іңкәр-Ғазал» жыр жинағы оқырманға жол тартты

Топырағы текті, даласы дастан Талас ауданы, Үшарал ауылының тумасы, талантты ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты Жұлдыз Бейсектің «Іңкәр-Ғазал» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрді. Ақынның тұңғыш жыр жинағының тұсау кесер рәсімі облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында өтті.

     Өлең сүйер көпшілікке Нұр-Сұлтан қаласындағы «Qalamger» баспасынан екі мың дана болып жол тартқан жинақ авторы Жұлдыз Бейсек алғашқы кітапты әдебиетті жанындай сүйген, бес күндік жалғаннан жасындай жарқылдап өте шыққан өзінің туған сіңілісі Іңкәр Асқарқызының рухына арнапты.

    Мен Тараздың топырағында жүремін,

    Жиһанкез боп жаһан кезіп кетсем де.

    Басым сенен үлкен емес, өлеңім,

    Өмірімнің жұмбақ кілті - тек сенде, - деп жан сырын жауһар жырмен кестелеген Жұлдыздың қуанышымен бөлісуге оның тырнақалды туындыларының жарық көруіне ат салысқан жазушы-драматург Елен Әлімжан, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, ақын Хамит Есаман, ақындар Үміт Битенова, Ербол Қамбатыров, Табиғат Абаилдаев,  Есет Досалы  облыстық «JambyІ» телеарнасы бас директорының орынбасары  Алпамыс Қазыбаев, Тараз қалалық «JambyІ» газетінің бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Жанар Орынбаева және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, өлеңсүйер қауым қатысты.

     Шарада алғаш болып сөз тізгіндеген Елен Әлімжан, Жұлдыз Бейсектің шығармашылықтағы алғашқы қадамдарын тілге тиек етіп, ағалық ақ батасын берсе, өзге қонақтар да ақынның шығармашылығына шалқар шабыт, толағай табыс тіледі. Шара барысында күміс көмей, жезтаңдай өнер иелері Сұлужан Әбенова мен Ғани Мәтебаевтар ақынның сөзіне жазылған әсем әнін шырқады. Арнайы түсірілген бейнеролик арқылы ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметованың Жұлдыздың жинағына айтылған толғамды пікірі тыңдалды. Жұлдыздың өзі де жиналғандар алдында лирикалық жырларын оқыды.

   Шара барысында жазушы-драматург Елен Әлімжан мен ақын Ербол Қамбатыров, Хамит Есаман жаңа жинақтың тусауын кесті.

Н.СЕРІКХАНҰЛЫ.

 Арай. - 1 қазан. - №39. - 12б.

Яндекс.Метрика