Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

«АНА ДЕСЕ ЖЫЛУЛЫҚ СЕЗІМІ ҰЯЛАЙДЫ»

   Эльмира АБДИНОВА,

   Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры:

   - Менің анам Сәруар Айтышқызы 1939 жылы 16 қыркүйекте Меркі ауданында дүниеге келген. 6 жасында ата-анасынан жетім қалады. Әкесі майданға аттанып, соғыстың бастапқы кезінде қайтыс болған. Сол ауыртпашылықты көтере алмаған анасы да дүниеден өтеді. Анам отбасында 18 жылдан кейін көрген жалғыз бала болғандықтан, жетім қалған соң туыстары оны Алматы қаласындағы №12 мектеп-интернатқа жібереді.

   Анам мектеп-интернатты тәмамдап, кейін қыздар педагогикалық институтына оқуға түседі. Ол кезде студенттерді ауыл-аймаққа жұмыстарға апарушы еді ғой. Сөйтіп жүріп қатты суықтап қалып, Меркі ауданының Аспара ауылындағы нағашы ағаларының үйіне келіп, сонда емделеді. Туыстары анамды әкеммен таныстырыпты. Кейін көңіл жарастырған жастар шаңырақ құрады. Одан анам оқуын бітіріп, сол ауылда бастауыш мектептің мұғалімі болады. Айтуынша, ең алғашқы рет сол ауылдық мектептегі Шалван Амонашвили Александрович деген ынтымақтастық педагогикасын насихаттаушы педагогтың ең алғаш рет әдістемесін қолданған менің анам екен. Анам 40 жылдай мектепте шәкірт тәрбиеледі.

   Біз Аспара ауылының екінші бөлігінде тұрдық. Бізден 4-5 шақырым қашықтықта Ақермен деген ауыл бар. Сол ауылдан тағы ары қарай бірер шақырымнан соң тағы бір бөлімше болған, анам сол бөлімшедегі мектепте жұмыс істеді. Ол кезде әкем қарапайым тракторшы. Қолы тиген кезде тракторымен апарып тастаса, әкем босамаған кезде анам жұмысына жаяу қатынайтын. Кейде әкемнің ағасы Бижан деген кісі бір атты ерттеп береді екен. «Бұл революционердің қызы ғой, жолда қасқыр жеп немесе бірдеңе болса, мен не деп жауап беремін» деп атқа мінгізіп жібереді екен.

   Анам 10 баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана. Бүгінде балаларының әрқайсысының өзінің отбасы бар. Өсіп-өніп отыр. Мен де анам секілді ұстаз болсам деп армандадым. Бірақ Алла Тағала маған бұл мамандықты нәсіп етпепті.

   Анам жұмысына барып келіп, шиеттей бала-шағаның асы бар, жуатын киім-кешегі бар, барлығын орындап болып, түнде сабағын жазатын. Бізді беттеріне жарық түспей тыныш ұйықтасын деп электр шамын өшіріп қойып, білте шамның жарығымен жазып отыратынын талай көрдік. Сол шақ әлі күнге есімде.

   Үйде пеш жағатынбыз, анамның пысықтығы сол, әлгі пештің сырты аппақ болып әктеліп, беті мұнтаздай тап-таза боп тұратын. Кейде үйде нан жоқ болып қалғанда қамыр илеп жіберіп, сол пештің бетіне пәтір нан, яғни қазіргі лавашты пісіріп беретін.

   Кейін бертін келе 2003 жылдары анамыздың көзі нашарлай бастады. Қалаға алып келіп, көзіне ота жасаттық. Отадан соң біраз күн біздің үйде жатты. Дәл сол уақытта ағамның 10 жасар баласы, анамның немересі оқыста қайтыс болды. Содан іштей қатты қиналған анамның екі көзі де мүлдем көрмей қалды.

   Анам ауырып, мазасы болмай жүргенде демалыс күндері үнемі барып тұратынбыз. Кейін жүре алмай қалды. Бірақ денсаулығына, тұрмыс-тіршілігіне шағым айтпай өтті.

   Анам мені еркелетіп, атымды атамай Элка дейтін. Кейде күйбең тірлікте ойлағаным болмай іштей таусылып, анама шаршағанымды айтсам, «Элка, олай айтпа. Сен жассың, бар өмірің алда. Алар асуларың бар әлі», деп қолдау білдіріп отыратын. Алғашқы рет осы кітапхананың табалдырығын аттап, басшылық қызметке отырғанымда анам: «Адал бол, ешкімнің намысына тиіп, қорлап, жаман сөз айтушы болма. Адаммен санаса біл, әр адамның қасиеті болады, сол қасиетін түсініп, қадірлеп-қастерлей біл. Басшы екенмін деп өктемдік көрсетпе. Өйткені ұжым болғаннан кейін барлық жұмыс ұжыммен атқарылады. Қолыңнан келсе жақсылығыңды аяма», - деді. Анамның сол сөздерін жүрегіме сіңдіргенім сонша, ешкімнің арын таптамаймын. Жұмыс бабымен ұрысатын шығармын, бірақ жеке басына қол сұғып, абыройын түсірмеймін.

   Анам өткен жылы дүниеден озды. Бұрын біреудің анасы қайтыпты десе, менің анам қайтыс болса қалай өмір сүремін, қайтемін дейтінмін. Өмірден өтті дегенді естігенде қатты қиналдым. Алғашқы бейсенбілігін беріп, қонақтарды шығарып салғаннан кейін сол түні анам түсіме кірді. Түсімде барлығымыз отыр екенбіз. Анам төбемізден келіп қарап тұр екен. «Ой, Алла, мамам келді ғой», деп мен жылап жатырмын. Менен басқасы анамды көрмейді екен. Барып құшақтайын деп жақындай бергенде анам кеудемнен итеріп, жақындатпады. Көрген түсімнен кейін бауырларым: «Енді анамызды жоқтап, қайғыруды тоқтат. Анамыз бәрімізге ризашылығын білдіріп кетті. Ары қарай егілуге болмайды. Есіңді жина, өз бала-шағаңа қара», - деп жігерлендірді. Содан кейін тоқтамға келіп, өз-өзімді сабырға шақырдым.

   Ана десе жылулық сезімі ұялайды. Өзі де шағын ғана келген, аққұба кісі болатын. Біреуге қатты ренжіп, қатты сөйлемейтін. Ақылды, байсалды, парасатты кісі еді.

   Менің туыстарымды, бауырларымды көргендер мені үйдегі ешкімге ұқсатпай жатады. Жақында туыс сіңлім анаммен түскен фотомды жіберген екен. Әлеуметтік желіге салсам, құрбыларым «Анаңа ұқсаған екенсің» деді. Анама мінезім жағынан көпшілдігім, қолымның ашықтығы, ешкімнен ешнәрсе аямайтын ақкөңілдігім ұқсайды.

   Ана туралы ән естісем, ана туралы өлең оқысам жылап қаламын. Көңілім астаң-кестең болады. Дауысын, орнын сағындым. Ауылға барғанда үйге кіре сала үйдегілермен амандаса салып, анам жатқан бөлмеге кіріп кететінмін. Кейін анам өмірден өтіп, қырқына барсақ, бөлмесінің есігі жабық тұр екен. Жүрегім дауалап кіре алмадым. Анамды сағынғанда телефонда сақталған дауысын естіп, суреттерін жаныма медет тұтамын.

   Анама осы уақытқа дейін анау айтқандай сыйлық беріп көрмеппін. Бірақ ауылға барған сайын әдемі көйлек пен орамал апарады екенмін. Әдемі маталарым болса, өзбекше көйлек тіктіріп беремін. Анам қуанып киіп алатын. Өзімнің қызым медициналық колледж бітірген. Анам ауырғанда уколдары мен системаларын салып беріп жүретін. Сонда немересінің салып бергеніне қуана ма, «Жазылып, тәуір болып қалдым», дейтін бізді уайымдатпай.

   Шешеміз кішкентай кезімізде сүт көжені жиі әзірлейтін. Сосын үйде мал сойылса, сол күні міндетті түрде көрші-қолаңмен бірге тамақтанатынбыз. Анамыз бие сауып, біз күбі пісетінбіз. Әке-шешеміз көшеден ары-бері өткендерді үйге шақырып, қымыздан беретін. Баламыз ғой, «Неге шақырады, біз ғой еңбек етіп күбі пісіп жатқан», деп ата-анамызға ашуланатынбыз. Ет асқан күні легенге түсіріп, үйдің үлкендері турап, турамыш етіп жейтінбіз. Сол кез нағыз керемет уақыт екен. Соның өзі бізді бір табақтан тамақтандырып, ынтымақ-бірлікке шақырғаны шығар деп ойлаймын.

Яндекс.Метрика