Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

«Жүректе көп сыр бар қайнаған...»

   Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйытқы болған «Ең үздік ауылдық кітапхана» байқауы биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылуда. Рухани сайыста Сарысу ауданындағы Өндіріс ауылдық кітапханасы да жан-жақты дайындықпен келіп, Қазақстан және Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, дарынды композитор, танымал жазушы, өнер зерттеушісі, суретші И.Жақановтың 85 жасқа толу мерейтойына арнап «Жүректе көп сыр бар қайнаған...» атты әдеби әуен әлемін өткізді.

   Даңқты жерлесіміздің өмір жолымен бастау алған іс-шараны жүргізуші кітапхана қызметкері Балгерім Қойлыбаева тартымды жүргізе білді. Әдеби әуен әлемінде Ілия Жақановтың «Еділ мен Жайық» әні кітапхана оқырманы Жансая Ақажанованың орындауында әуелете шырқалды. «Ғибратты ғұмыр» айдарында сазгердің өмірі мен шығармашылығы таныстырылса, «Елге сәлем» бөлімінде бейнебайланыс арқылы Илья ағамыз туған жерге деген сағынышын жеткізіп, осы іс-шараға ұйытқы болып отырған Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдиноваға алғысын білдірді.

   «Әсерлі әуен, шалқар шабыт» бөлімінде кітапхана оқырмандары сазгер шығармашылығынан сюжет бойынша рөлдер сомдаса, «Әнімен елін тербеткен» бөлімінде мерейтой иесіне аудан тұрғындарымен қатар елге белгілі азаматтар онлайн құттықтауларын жолдады.

   Игілік ауылдық округінің әкімі Жандос Жанайдаров, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Диханбай Ақділдә композитор Ілия Жақановты 85 жас мерейтойымен құттықтай отырып, ізгі тілегін арнады. Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова сыршыл сазгердің өнер жолы туралы ой қозғады.

   Сондай-ақ «Сырлы сазгер» вертуалды кітап көрмесі ұйымдастырылып, Өндіріс ауылдық кітапханасының қызметкері Фарида Байділдаева библиографиялық шолу жасады. Әдеби әуен соңында жиылған көрермендер композитордың «Еділ мен Жайық» әнін бірге шырқап, ықылас ниеттерін білдірді.

Бақыткүл ӘУБӘКІРОВА,

аудандық орталықтандырылған кітапханалар

жүйесі директорының орынбасары.

Сарысу ауданы.

«Ag joi». - 2021. - 26 қазан (№128). - 8 б.

Яндекс.Метрика