Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

ҚАЗАҚТЫҢ ҚУАНДЫҒЫ

   Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында және Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Ең үздік ауылдық кітапхана» облыстық байқауын жариялаған болатын. Осы орайда Т.Рысқұлов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Қуандық ақынның туған жері, Жаңатұрмыс ауылдық кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ТURKSОІ-дың «Мақтұмқұлы» атындағы төсбелгісінің иегері Қуандық Шолақтың 80 жас мерейтойына орай «Қазақтың Қуандығы» атты кездесу кеші өткізілді. Кездесу кешіне Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова қатысып, сөз сөйледі. Ол ақынның керемет сырлы жырларына, «Табиғат тамыршысы» атанғанына тоқталды. Мерейтой иесінің немересі, Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі Ерсайын Қуандық атасы жайлы ағынан жарылып, ауылда тұрып барша қазаққа танылған ақынның шығармашылық тереңдігін кеңінен әңгімеледі. Кітапхана оқырмандары Қуандық ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, Жаңатұрмыс ауылдық өнерпаздарының орындауында әсем әндер орындалды. Сондай-ақ іс-шараға келген ақынның замандастарына сөз беріліп, ақынның адамгершілік, достық сипаттары туралы естеліктерімен бөлісті. Кеш барысында Қуандық ақынның немересі Ерсайын Қуандық ақынның 1 томдық шығармалар жинағын кітапханамызға сыйға тартты. Қуандық ақынның алғашқы өлеңдер жинағы 1982 жылы «Ата жұрт» деген атпен жарық көріп, бұл күнде оқырманның қолынан түспейтін қазынаға айналған. Одан кейін 1986 жылы «Кешіккен көктем», 1989 жылы «Күзгі ырғақтар», «Көксеңгір» және 2001 жылы «Менің атам» атты кітаптары көпшілік оқырманға жол тартты. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза ақынымыз туралы: «Қазақтың рухани дүниесінде екі шолақ бар. Оның бірі Балуан Шолақ болса, екіншісі Қуандық Шолақ» деп ақынның лайықты бағасын берген еді.

   Өз кезегінде Жаңатұрмыс ауылдық кітапханасының кітапханашысы Сәуле Әзімжанова арнайы дайындалған «Татулықтың тірегі, бірліктің белгісі - Тәуелсіздік!» атты кітап көрмесіне шолу жасап өтті. Осылайша кездесу кешіне келген қонақтар мен оқырмандар ақын жырымен сусындап, айналаға бір сәтке ақын көзімен қарап, сырына қанып қайтты.

Нұршат ЕРСАЙЫН,

аудандық кітапхананың кітапханашысы.

Т.Рысқұлов ауданы.

«Ag joi». - 2021. - 26 қазан (№128). - 8 б.

Яндекс.Метрика