Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Отыз жыл – отыз белес

Жақында, аудандық орталық кітапханының «Білім орталығында», Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай, Гранитогор ауылдық кітапханасының «30 жыл - 30 белес» атты тарихи-хронограф кеші болып өтті

    Іс-шараға облыстық Ш.Уәлиханов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Эльмира Абдинова мен оның орынбасары Мақтақыз Женсикбаева, жерлесіміз, ақын Шырын Мамасерікова, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринат Жантаев, «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Нұрбол Сұлтаналиев, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жанат Сүйімқұлова және кітапхана қызметкерлері мен оқушылар қатысты.

    Кештің аты айтып тұрғандай, іс-шараның мақсаты - Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің бағындырған белестері мен жетістіктерін, сондай-ақ, Тәуелсіздік жолында халқымыздың жүріп өткен жолын, еңсерген қиындықтарын оқырман қауымға дәріптеу, өскелең ұрпаққа Егемендігіміздің қадірін түсіндіру, насихаттау болып табылады.

    Жүргізушілер Тәуелсіздік жайлы ой толғауларымен салтанатты түрде кешті ашық деп жариялаған соң, ақын әпкеміз Шырын Мамасеріковаға алғы сөз ұсынылды. Тәуелсіздік туралы тебірене сөйлеген ақын әпкеміз «Тәуелсіздік - байлығым» атты жыр жолдарын оқып беріп, сөзін қорытындылады.

    Кеш барысында, Тәуелсіздік жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің дамуына қосқан үлестері, сол жолда ерлікпен қабылдаған шешімдері мен жасаған реформалары жайында, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Халық бірлігі және жүйелі рефомалар - ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында алдағы 10 жылдыққа қойған басты приоритеттері туралы, сонымен қатар, қазақ даласына ұлы қасірет әкелген Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы жайында да кеңінен әңгіме өрбіді.

    Одан кейін, кітапхана оқырмандары ортаға шығып, 30 жылдыққа арналған өлеңдерін мәнерлеп оқыса, Сандуғаш Раймаханова «Заман-ай» әнін тарту етті.

    Осынау іс-шараға орай, Республикалық «Бір ел - бір кітап» акциясының аясында арнайы көрме ұйымдастырылды. Бұл көрмеде ұсынылған негізгі кітаптардың бірі - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, журналист Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» кітабы болды. Бұл кітапта жазушы Семей ядролық сынақ алаңының зұлмат зардабын шеккен қазақ халқының тағдыры, сынақ алаңындағы жарылыстардың құрбаны болған жандардың қасіретке толы тағдырлары туралы жазылған. Кітапханашы Мадина Асанқұлова осы кітаптағы романның желісі бойынша қысқаша шолу жасады.

    Кеш қонақтарының бірі Эльмира Елеусізқызы сөз алып, көпшілікті Тәуелсіздігіміздің мерейтойымен құттықтап, осындай іс-шаралардың жиі өткізілуі Тәуелсіздік жастары - өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде өте маңызды екенін айтты. Іс-шараның ұйымдастырушыларына өзінің алғысын білдіріп, кітапхана ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

    Әсерлі өткен танымдық кеш кітапхана қызметкерлерінің «Қазақ елі» әнін хор болып орындауымен аяқталды.

 

Айман БҮРКІТБАЕВА,

орталықтандырылған кітапханалар

жүйесі директорының орынбасары.

«Меркі тынысы». - 2021 жыл. - 27 қазан (№84). - 2 б.

Яндекс.Метрика