Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

«ҒАЙНИ - ҒҰМЫР! САРА САРЫН, САРА ЖОЛ...»

    Ғайни Әлімбекқызы - Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

    Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Өлкелік туризм - кітапхана жұмысының инновациялық түрі ретінде» жобасы аясында ақын Ғайни Әлімбекқызының шығармашылығына арнап, «Өнер аялдамасы» циклымен «Ғайни - ғұмыр! Сара сарын, сара жол...» атты рухани кешін Байзақ аудандық әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырды.

    Кездесу кешінде Ғайни ақынға арналған өлеңдер оқылды. Сондай-ақ аталған кітапхананың кітапханашылары Ғайни ақынның «Ұғынғандай ойдың ғажап тереңін...», «Мың да бір шүкір, Аллаға», «Абайға», «Оспанға», «Далаң қалды», «Қарлығаштай оралдым», «Бақытымды жасап алып қолдан мен», «Кезім бар ма өлеңге мұң шақпаған», «Түбі ұғарсың бәрі өткінші екенін», «Өткен күндер бақбақ гүлдің үлпілі», «Ақша бұлттар арасында арман бар» өлеңдерін көпшілікке тебірене оқып беріп, оқырманға ой салды.

    Іс-шарада Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков құттықтау сөз сөйлеп, кеш иесіне аудан әкімінің құттықтауы мен Алғыс хатын жеткізіп, камзол кигізіп, құрмет көрсетті. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР білім беру ісінің үздігі Шырын Мамасерікова сахна төріне көтеріліп, ізін басқан сіңлісі Ғайни Әлімбекқызы туралы әдемі әңгімелерімен бөліссе, кеш иесінің ерекшеліктеріне, өлең жазудағы өзгеше тереңдіктеріне тоқталды.

    Сондай-ақ ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлы, Мәдениет саласының үздігі, айтыскер Олжас Отар, халықаралық «Мәдениет майталманы» медалінің иегері Жұлдызай Дүйсенбиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров, Мәдениет саласының үздігі Құрмаш Маханов ақынға деген ізгі-тілектерін бейнесәлемдеме арқылы жеткізіп, құрметтерін көрсетіп жатты.

    Іс-шара соңында Ғайни Әлімбекқызы ұйымдастырушыларға алғысын білдіре отырып, бояуы кеппеген өлеңдерімен қатар, тағы да бірнеше жыр жолдарын көпшілікке ұсынды.

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Байзақ ауданы.

«Aq jol». - 2021. - 2 қараша (№131). - 8 б.

Яндекс.Метрика