Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Ақынға арналған кеш

    Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде ақын, журналист, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызының қатысуымен «Ғайни – ғұмыр, Сара сарын, сара жол...» кездесу кешін ұйымдастырды.

    Арнау әнімен басталған кеште кітапхананың кітапханашылары ақынның «Ұғынғандай ойдың ғажап тереңін...», «Мың да бір шүкір, Аллаға», «Абайға», «Оспанға», «Далаң қалды», «Қарлығаштай оралдым», «Бақытымды жасап алып қолдан мен», «Кезім бар ма өлеңге мұң шақпаған», «Түбі ұғарсың бәрі өткінші екенін», «Өткен күндер бақбақ гүлдің үлпілі», «Ақша бұлттар арасында арман бар» өлеңдерін оқыды. «Өлең» өлкесінде өрнекті ізін салып, рухы мен сезімі, мұңы мен шерін өлеңге арнаған, оқырманның талғам-таразысынан өтіп, кестелі жырдың керім әуенін тыңдатқан ақынмен өткен кездесуге келген көрермендер саны да көп болды.

    Іс-шарада Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі» белгісі мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, бірнеше республикалық, облыстық ақындар айтысының жүлдегері Шырын Мамасерікова, сахна төрінде Ғайни Әлімбекқызы туралы әдемі әңгімелерімен бөліссе, аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков аудан әкімінің алғыс хаты мен сый-сияпатын табыс етті.

    Кеш қонағы Ғайни Әлімбекқызы ұйымдастырушыларға алғыс айта отырып, бояуы кеппеген өлеңдерімен қатар, тағы да бірнеше жыр жолдарын көпшілікке ұсынды.

    Лирикаға толы сазды кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Маралтай Райымбекұлы, айтыскер ақын, сазгер, Олжас Отар, халықаралық «Мәдениет майталманы» медалінің иегері Жұлдызай Дүйсенбиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров, белгілі әнші, композитор, Мәдениет саласының үздігі Құрмаш Маханов ақынға деген ізгі-тілектерін бейнесәлемдеме арқылы жолдады.

    Салтанатты шара соңында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Елеусізқызы Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің арнайы құттықтауын жеткізсе, өзі туып-өскен жері Абай ауылының тұрғындары да ақынның иығына камзол жауып, өмірі мен шығармашылығына сәттілік тіледі.

    Қалың көпшіліктің ыстық лебіздеріне ризашылығын білдірген Ғайни Әлімбекқызы барша жиылған жұртқа алғыс білдірді.

 

Арайлым Нарбатырова,

«Ауыл жаңалығы»

 

Яндекс.Метрика