Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Талабы зорға несібе көп

Өңірімізде мүмкіндігі шектеулі болғанымен, жұмысқа деген құшынысы шексіз жандар көп. Солардың бірі - өз кәсібін тауып, сүйікті жұмысының арқасында әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүрген жас кәсіпкер, мүгедек жастар қоғамдық бірлестігінің өкілі, «Джами» тігін шеберханасының жетекшісі Севара Нұрматова.

   20 ақпан - Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күніне орай Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Асар» заңды тұлғалар бірлестігіне арналған оңалту орталығына барып, жас кәсіпкермен онлайн сұхбат ұйымдастырды.

   Қолға алған тірлігін ұршықтай иіріп, өз білгенін өзгеге үйретіп жүрген жас кәсіпкер психикалық-жүйке ауруларымен ауыратын жандарға қолөнердің түр-түрін үйретіп, дайын тауарларын жәрмеңкелерге шығарып, қосымша табыс көзіне айналдыруда. Әр шәкіртінің мінез-құлқын түйсікпен ұғынатын ұстаз қандай бағытта жұмыс істейтіндігін де ерекше атап өтті.

   Сондай-ақ мемлекет тарапынан бөлінген қайтарымсыз грантты ұтып алу мүмкіндігіне ие болып, сатып алған тігін машиналарымен таныстырды.

  Эфир барысында инновациялық идеяларды жүзеге асырып, қолдау көрсете білген оңалту орталығының басшысы Руслан Төлегенов пен орталық мамандарына арнайы алғысын білдірді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасуға арналған «Инватакси» қызметіне жетекшілік етіп жүрген Севара Нұрматова жолаушыларды баратын жеріне дейін тегін тасымалдайтын қызметтің тиімділігін айтты.

  Ұлттық стильдегі сувенирлерді, түрлі материалдардан жасалған әйелдер сөмкелерін тігумен айналысатын тігін шебері қазақтың ою-өрнектеріне ерекше қызығатындығын жеткізіп, жоғары сұранысқа ие туындыларын көрсетті.

Айжан ЖОЛДАСБАЙ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік

университетінің IV курс студенті

«Ar-Ai». - 2022. - 19 ақпан (№7).- 3 б.

Яндекс.Метрика