Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Өмірдің гүлі, көңілдің жыры – аналар

   Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында нәзік жанды аруларымыздың қоғамдағы рөлін айқындау, анаға деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру, адамгершілікке, ізгілікке, достықты қастерлей білуге тәрбиелеу, аналардың өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі екендігін жеткізу мақсатында өңірдің әлеуметтік дамуына ерекше үлес қосып жүрген әйелдердің қатысуымен «Ана – үміт, Ана – жігер, Ана – азамат» тақырыбында сырласу кеші етті.

   Шараға физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, Қазақстанның Құрметті қызметкері, «Құрмет», «Ыбырай Алтынсарин» марапаттарының иегері Күлжамила Жолдасова, Қазақстанның еңбек сіңірген педагогі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Бәтес Егембердиева, Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары, «Құрмет» орденінің иегері Сара Мадиева қатысып, қоғамдағы әйелдердің рөлі, қызметтегі орны, бала тәрбиесі, келін мен ене арасындағы сыйластық мәселелері бойынша сыр шертіп, облыстық мәдениет басқармасына қарасты мекемелердің қыз-келіншектеріне өмірлік азық болатын кеңестерімен бөлісті.

   Сырласу кеші еркін форматта өтті. Мәселен, Күлжамила Жолдасова ене мен келін арасының қалай болуы керектігі жөнінде толғанса, Бәтес Шәйменқызы бүгінгі білім көкжиегі, ұстаздардың қандай болуы керектігі жөнінде ой қозғады. Ал Сара Мадиева өзінің жоғары оқу орнын бітіріп келіп, «Өнерпаз» кәсіпорнында алғашқы жұмысын бастағаны, сол жердегі директордың өзіне қолдау білдіргені туралы әдемі, әсерлі естеліктерімен бөлісті. Әйелдің сыры мен қырын танытатын кеште Сара Қабылбекқызы аруларымызды келе жатқан мерекелерімен құттықтай отырып, Шырын Мамасерікованың «Анашым» өлеңін нақышына келтіре оқыса, кітапхана қызметкері Алтынай Абдраимова «Ана» әндерінен топтастырылған попури мен «Қазақ қызы» әндерін әуелетіп, қатысушыларға керемет көңіл күй сыйлады.

Айжан ӨЗБЕКОВА,

«Ar-Ai». - 2022. - 5 наурыз (№9). - 3 б.

 

 

Яндекс.Метрика