Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Әдебиеттің әкімі

   Қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі драматург, жазушы Әкім Таразидың 90 жас мерейтойына орай «Асыл сөздің ұстасы» атты әдеби кеш өтті.

   Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен шара халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру мақсатына бағытталған «Оқитын ұлт» республикалық жобасы шеңберінде жүзеге асырылып отырған «Бір өңір – бір кітап» акциясы аясында ұйымдастырылды.

   Кеш барысында жазушының шығармашылығын зерделеу айының ресми ашылғандығы айтылды.

   Шара «Әдебиеттің Әкімі» атанған бірегей жазушының қазақ әдебиетіндегі асыл қазынасына қосылған құнды дүниелерін өңір тұрғындары мен жастар арасында насихаттау, Әкім Таразидың өмірі, еңбектері мен шығармашылық жолын зерделеуге жастарды жұмылдыру мақсатына негізделді.

   Оған Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы, драматург, публицист Елен Әлімжан мен жазушы, қабырғалы қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын Ғайни Әлімбекқызы мен сан қырлы талант Үміт Битенова, ҚР Журналистер одағының мүшесі, әдебиеттанушы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті филология және журналистика факультетінің аға оқытушысы Бақытжан Мақашев және Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, ақын, журналист Хамит Есаман, ҚР ІІМ облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері қатысты.

   Қонақтар сонау бір зобалаң жылдарында дүниеге келіп, балалық балдәурен шағы Ұлы Отан соғысының зұлмат жылдарына тап келіп, ел мұңын, уақыт сырын нәзік жанымен ұғып, қай уақытта да оқырман көңілінен шығып, халық жүрегіне жол таба білген жазушы, дара суреткер Әкім Тарази жайлы өз ойларын жеткізді.

   Қай жанрға қалам тартса да өз тұстастарына ұқсамауға тырысып, өмір шындығын өзінше бейнелеп, замандастарының қилы-қилы бейнелерін жасап, олардың ішкі жан дүниесін, тұрмыс-тіршілігін, жақсылығы мен жамандығын шығармаларына арқау еткен жазушы туралы бейнеүндеу арқылы әдебиет саласындағы көптеген республикалық конкурстарда бәйге алып келе жатқан ақын, қаламгер Ұларбек Нұрғалымұлы да өз пікірін білдірді.

   Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстан кинематографистер, киносыншы одағының мүшесі Назира Мұқышева да өз бейнежолдауы арқылы Әкім Таразидің алғашқы кәсіби киногерлерінің бірі ретінде ұлттық кинематография орталығының жұмысын жолға қойып, «Арман-атаман», «Тұлпардың ізі» кинофильмдерін түсіріп, «Қараш-қараш оқиғасы» фильмін жасауға қатысып, жазушының қазақ кино өнеріне қосқан бір төбе үлесі жайлы өз алдына әңгімеледі.

   Ал, кітапхана қызметкерлері жазушының кітаптарына шолу жасап, қаламгердің әңгіме-повестерінде, романдарында өткен ғасырдың 60-90 жылдарындағы өмір шындығы, сол кездегі халық психологиясы, уақыт сыры терең көркемдік шешімін тапқанын жиналған қауымға жеткізуге тырысты.

   Кеш соңында кітапханашылар көпшілікті жазушының қазақ әдебиетіндегі асыл қазынасына қосылған құнды дүниелерін оқып, зерделеуге шақырып, «Таразитану» айлығын ашық деп жариялады.

                                                                                                                                                          

«Aq jol»-Aqparat.

«Aq jol». - 2023. – 1 тамыз (№84). – 6 б.

Яндекс.Метрика