Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Әдебиетке балалықты әкелген жазушы

   Қазақ прозасына өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат әкелген көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына биыл 100 жыл. Ұлт әдебиетінің мәртебесін өсірген қабырғалы қаламгердің ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетіні мәлім.

   Бердібек Соқпақбаевтың қай шығармасын алсаң да өзі өмір сүрген қоғамның кесір-кесапатын астарлап айтып, әжуамен жеткізіп, баланың сөзі ғой дегізіп отырады. Әсіресе жазушының «Менің атым – Қожа» повесі балалар әдебиетінің інжу-маржанына айналған құнды жауһар десек, артық айтқанымыз емес. 1957 жылы жазылған повесть орыс, украин, француз, литва, латыш, өзбек тілдеріне аударылып, Францияда, Польшада, Чехословакияда, Болгарияда басылды. Ал повесть желісі бойынша 1963 жылы экранға шыққан «Менің атым – Қожа» фильмі қазақ кино өнерінің шоқтығы биік жұлдызына айналып, алтын қорға енді. 1967 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған Канн қаласында өткен халықаралық фестивальда «Менің атым –

   Қожа» фильмі арнаулы жүлдеге ие болды. Осы фильм арқылы төрткүл дүние қазақ киноиндустриясының жетісітігін көріп, қазақ ауылының ғажайып көріністері мен кеңпейіл, ақжарқын болмысын Қожа арқылы танып, білді.

   Жалпы Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары автобиография болып табылады. Авторлық сезімдердің ерекше сенімділігі мен шынайылығымен ерекшеленген жазушының кез келген туындысы оқырмандарының жүрегін жаулап алды. Әдебиеттің қайталанбас тұлғасының қаламынан туған «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Қайдасың, Гауһар?», «Өлгендер қайтып келмейді» сынды өміршең шығармалары бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеген. Өзгеше ойлы қаламгердің өміршең шығармалары әлі күнге дейін сұранысқа ие.

   Заңғар жазушының ұлт мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген ұшан-теңіз еңбегін бағалау биылғы мерейтойын атап өтумен ғана шектелмей, жазушының шығармашылығын насихаттау болашақта да жалғаса береді деп сенеміз.

 

Гүлайым ӘБІЛДАЕВА,

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық

әмбебап-ғылыми кітапхананың

бөлім меңгерушісі

«AR-AI». - 2024. – 3 сәуір  (№25). – б.

Яндекс.Метрика