«Парасат жолы» жобасы аясында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс –қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесіп, ақын, аудармашы, «Тарлан» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шөмішбай Сариевтің туғанына 75 жыл толуына орай «Сұлу саздың зергері» ән кешін ұйымдастырды.
Іс-шараға «Жаңару» жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қозғалысының Жамбыл облысы бойынша жетекшісі, департамент жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі Қасымхан Естемесұлы, Н.Тілендиев атындағы мектеп-интернатының директоры, департамент жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі Эльмира Сауқымбекқызы қатысып, Шөмішбай Нағашыбайұлының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін әдемі естеліктерімен бөлісті.
Әдеби кеште Халықаралық Тараз инновациялық институты мен Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенттері, Н.Тілендиев атындағы мектеп-интернатының оқушылары ақынның жауһар жырларын жатқа оқып, әсем әннен шашу шашты.
Одан әрі ұйымдастырушылар адалдық пен парасаттылықты, ізгілік пен даналықты, әділдік пен қамқорлықты дәріптеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің мәнін түсіндіруге бағытталған «Парасат жолы» жобасы туралы өз ойларын ортаға салды.