Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы қазақтың ән өнерінде өзіндік өрнегі бар, ұлттық өнерді дәріптеген «Тараз» триосының қатысуымен «Киелі өнерді кие тұтқан Кенен ұрпақтары» онлайн форматтағы дәстүрлі ән кешін ұйымдастырды.
Танымал трио дәстүрлі ән кешін ең алғаш халыққа танылған «Желбір жекен» әнімен ашып, әрі қарай жиі айтылып жүрген дәстүрлі әндерімен қатар репертуарларын толықтырған заман талабына сай жарыққа шыққан жаңа әндерін де нақышына келтіре орындап берді.
Онлайн оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап бере отырып, «Тараз» триосының құрылған жылы, дәстүрлі ән өнеріне келген сәттері, қызықты естеліктері, шет елдерге барған саяхаттары, үлгі тұтар ұстаздары туралы әсерлі әнгімелерімен бөлісті.
Сондай-ақ, дәстүрлі әндерді жаңғырту бойынша жобалары мен алдағы уақыттағы жоспарларын айта отырып, жеткен жетістіктеріне тоқталды.
Айта кету керек, үш дауыста, үш түрлі аспапта ән айтатын «Тараз» триосына қазақ ән әлемінің қайталанбас жұлдыздары Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Қайрат Байбосыновтар да «Тараз» триосына жоғары баға берген болатын.