Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Аңсаттың, дариға, Жайлаукөл кештері-ай....

   Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Өлкелік туризм – кітапхана жұмысының инновациялық түрі ретінде» жобасы аясында Сарысу аудандық Мәдениет үйінде киелі де қазыналы Қаратау өңірінің күйшілері мен жыршыларының өнер дәстүрін әрі қарай жалғастырып жүрген жанның бірі, әрі бірегейі, құстың қос қанатындай қазақ әдебиеті мен музыка өнерін қатар сермеп, қазақ руханиятының көгінде қырандай самғаған ұлы тұлға, жазушы, публицист, музыкатанушы, композитор, өнер зерттеушісі, аудармашы, суретші, этнограф, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, 200-ден астам әннің авторы Ілия Жақановтың 85 жас мерейтойына орай «Аңсаттың, дариға, Жайлаукөл кештері-ай....» ән ғұмыр кешін ұйымдастырды.

   Ауыл-аймақ тұрғындарына композитордың өмірі мен шығармашылығымен жете танысуға мүмкіндік жасау, өнерін паш ету, аймақ жастарына өнер майталманының шығармашылық мұрасының өміршеңдігін ұғындыру, классикалық әндерге жергілікті әлеуетті сусындату мақсатында ұйымдастырылған ән ғұмыр кешіне Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Сарысу ауданының құрметті азаматы, балалар жазушысы Пернебай Дүйсенбин, аудандық мәдениет тілдерді дамыту бөлімін басқарған талант иесі Ілия Жақановтың ауылдасы Диханбай Жұмабайұлы, композитордың сыныптасы, Ақтоғай ауылының тумасы Сайлауқожа Таңқиев қатысып, мерейтой иесі туралы керемет пікірлер айтылып, жастық шақтағы естеліктерімен бөлісіп, игі тілектерін білдірді.

   Одан әрі композитор әндерінің тарихы, сурет өнеріне келген жылдары сөз болды. Жайықтың ақ шағаласы атанған ақын қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері. Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева мен ақын Мұхтар Баймұхаметовтың Ілия Жақановқа арнаған жыр шумақтары жатқа оқылып, көрермен көңілінен шықты.

   Сондай-ақ мерекелік кеште композитордың «Есіл бойы» «Бозқараған», «Еділ мен Жайық», «Нені ойладың», «Толағай», «Жайлаукөл кештері», «Әсел» сынды әндері шырқалды.

Яндекс.Метрика