Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Тарихқа тағзым

    Тәуелсіз қазақ елінің дамуына үлес қосып, саналы ғұмырын педагогика саласына арнаған жан, қазақ елінің ғылыми және интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруға, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге көп күш жұмсап жүрген тұлға, 30 шақты кітаптың, 200-ден астам ғылыми-танымдық мақалалардың, бірқатар халықаралық конференцияларда жоғары бағаланған аналитикалық баяндамалардың авторы, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, сонымен қатар АҚШ-ғы Техас штатының құрметті азаматы, өмірі өнермен өрнектелген Өмірзақ Озғанбаевтың 80 жас мерейтойына орай республика бойынша 80-нен аса іс-шара өткізу жоспарланған.

    Осы орайда Жамбыл облысының ардагерлер кеңесі мен Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы бірлесіп, мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылық жолын, жаңадан жарыққа шыққан 5 томдық еңбегін кітапхана оқырмандары, жалпы өңір жұртшылығына таныстыру мақсатында «Тарихқа тағзым» 5 томдық жинақтың тұсаукесерін ұйымдастырды.

    Іс-шара барысында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Еркінбек Солтыбаев, белгілі тарихшы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, ардагер журналист, өлкетанушы Тәкен Молдақынов, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшелері Нареим Сейдуалиев пен Сағынхан Әмреқұлов мерейтой иесіне ізгі-тілектерін жеткізе отырып, қазақтың салт-дәстүрлерін тереңірек зерттеу мәселелері аясында өз ойларын ортаға салды.

    Одан әрі Өмірзақ Озғанбайұлы тарихымызды жаңғыртатын ел болашағы – жастарды еліміздің өткенін білуге, келешек ұрпаққа өткен күннің өнегелі тұстарын бағалауға байланысты көптеген тың деректер айта отырып, 5 томдық жинаққа енген құнды ақпараттарға қысқаша шолу жасады.

    «Нұрлы Әлем» баспасынан жарыққа шыққан 5 томдық жинақта «Ресей мемлекеттік Думасы және Қазақстан», «Тарих тағылымы», «Қазақтың шешендігі мен көсемдегі астасқанда», «Жарық жұлдыздар», «Тағзым» тақырыптары қамтылған. 5 томдық жинақтың тұсаукесер рәсімінде кітаптардың лентасы қиылып, қалың оқырманға жол тартты. Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының алтын қоры тағы бір құнды жинақпен толықты.

 

Яндекс.Метрика