«Рухани жаңғыру» бағдарламасы «Еңбек - елдіктің мұраты», «Парасат жолы» жобалары аясында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан Қазақстанның Еңбек Ері, өңір өндірісіндегі қайнаған тіршіліктің қайраткері, кеншілердің көшбасшысы, облыстық мәслихат депутаты Мұқаш Ескендіровтің қатысуымен «Еңбек ері – өскелең ұрпаққа үлгі» кездесу кеші ұйымдастырылды.
Кездесу кешіне М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, химия және химиялық технология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Садиева Халипа Рысқұлқызы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Кәсіптік оқыту», «Тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру», «Мәдениет және өнер» факультетінің студенттері қатысты.
Іс-шара барасында кітапхананың арнайы қонағы Мұқаш Зұлқарнайұлы өндіріс саласын толғандыратын өзекті мәселелер, кәсіпкерлікті дамытудың ұтымды жолдары, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі тақырыптарын тереңнен қозғап, эпидемологиялық жағдайдағы бизнестің қазіргі жай-күйін сөз етті.
Сондай-ақ, «Тағдырыма әсер еткен кітап» республикалық челленджі аясында өзі оқыған, көңіліне тоқыған, өмірін өзгертпесе де, ойын өзгерте алған шығармаларын талқылай отырып, кәсіптік-техникалық мамандықтарында білім алып жатқан студенттерге кәсіпкерлік саласына қатысты кеңестер берді.