Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Ғайни – ғұмыр! Сара сарын, сара жол...

   Ғайнидың өнер аялдамасы өз өлкесінде өтті

   Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Өлкелік туризм – кітапхана жұмысының инновациялық түрі ретінде» жобасы аясында тарихи ескерткіштерге бай, көрікті мүйістері де жетерлік, келешегі де жарқын қасиетті Байзақ өңірінде «өлең» дейтін қасиетті өнердің қазанында қайнаған рухы асқақ, мұраты анық нәзік жанды ақындарымыздың бірі, «өлең» өлкесінде өрнекті ізін салып, рухы мен сезімін, мұңы мен шерін өлеңге арнаған, оқырманның талғам-таразысынан өтіп, кестелі жырдың керім әуенін тыңдатқан ақын, журналист, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызының қатысуымен «Ғайни – ғұмыр! Сара сарын, сара жол...» кездесу кешін ұйымдастырды.

   Арнау әнімен басталған кездесу кешінде ақынның Меңлібай Әбілов, Эра Орманова «Ұғынғандай ойдың ғажап тереңін...», «Мың да бір шүкір, Аллаға», «Абайға», «Оспанға», «Далаң қалды», «Қарлығаштай оралдым», «Бақытымды жасап алып қолдан мен», «Кезім бар ма өлеңге мұң шақпаған», «Түбі ұғарсың бәрі өткінші екенін», «Өткен күндер бақбақ гүлдің үлпілі», «Ақша бұлттар арасында арман бар» өлеңдері оқылып, оқырманға ой салды.

   Іс-шарада Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі» белгісі мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, бірнеше республикалық, облыстық ақындар айтысының жүлдегері, қаламы қуатты, өлеңдері әлі күнге дейін жұрттың ерекше ықыласына бөленіп жүрген Шырын Мамасерікова, сахна төрінде Ғайни Әлімбекқызы туралы әдемі әңгімелерімен бөліссе, аудан әкімінің орынбасары Сағынбеков Болат Мырзаханұлы аудан әкімінің алғысын жеткізді.

   Кеш қонағы Ғайни Әлімбекқызы ұйымдастырушыларға алғысын білдіре отырып, бояуы кеппеген өлеңдерімен қатар, тағы да бірнеше жыр жолдарын көпшілікке ұсынды.

   Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Маралтай Райымбекұлы, «Мемлекеттік кірістер органдарының Үздігі», «Мәдениет саласының Үздігі», айтыскер ақын, сазгер, салық қызметкері Олжас Отар, халықаралық «Мәдениет майталманы» медалінің иегері, әзіл әлемінде өзіндік орнын тапқан танымал әзілкеш, театр әртісі, әнші-актриса, бүгінде вайнер атанған Жұлдызай Дүйсенбиева, Қазақстандық эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президенті оркесторының жетекші әншісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Досымжан Таңатаров белгілі әнші, композитор, Мәдениет саласының үздігі Құрмаш Маханов ақынға деген ізгі-тілектерін бейнесәлемдеме арқылы жолдады.

Яндекс.Метрика