Бүгін Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының әлеуметтік желі оқырмандары қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттауға негізделіп, тәрбие беру мақсатында ашылған «Анаға тағзым» орталығының жұмысымен онлайн форматта танысу мүмкіндігіне ие болды.
Орталық басшысы, Эльмира Мырза-Ғали қаланың қақ ортасында бой көтерген 3 қабатты ғимараттың ішкі жұмысына тоқталып, мақсаты мен міндетіне байланысты қысқаша сипаттама берді.
Эльмира Іниятқызы ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында құрылған «Мирас» экспозициялық залынан бастап, «Сырғалым» сырласу клубы, «Ерке сылқым» хореографиялық залы, «Қызғалдақ» ұлттық экотәрбие клубы, «Сырлы әлем» бейнелеу өнері және «Ана тілі» шешендік өнер мектебі, «Інжу-Маржан» әдеби үйірмесі, «Қазына» ұлттық аспаптар сыныбы, «Ынтымақ» коворкинг залы, «Жан дауа» психологиялық кеңес беру кабинеті, «Береке» аспаздық және «Бойтұмар» қолөнер және дизайн студияларының жұмысымен таныстырып, алдағы уақыттағы жоспарларымен де бөлісті.
Оқырмандар тарапынан қойылған сан түрлі сауалдарға жауап беріп, өзі оқыған шығармаларының мазмұнын ортаға салып, жастарды кітап оқуға шақырды.
Айта кету керек, орталықта ашылған үйірмелер қыз балаларды 7 жастан бастап қабылдайды және қызметтің барлық түрі ақысыз негізде ұсынылады.
Өткеннің өнегесін, тарихи-тағылымын жаңа заманның талабымен ұштастырып, бүгінгі қазақ әйелінің озық образын қалыптастыру мақсатында ашылған орталық болашақ ұрпақтың рухани, мәдени дамуы жағынан өз үлесін қосары анық.