Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 15 сәуір – ғашықтар күніне орай дүйім дүниенің ең асыл, кіршіксіз сезім, сертіне адал, сезіміне берік, шынайы махаббаттың символы болған Қозы-Көрпеш Баян Сұлудың есімдері мен пәк сезімдерін, төл мәдениетіміз бен төл әдебиетіміздің кейіпкерлерін ұлықтау мақсатында «Жыр жазамын жүрегімнен» атты шолпы жырлар шеруін ұйымдастырды.
Осылайша ұлттық мәдениетімізге, халқымыздың салт-дәстүрлері мен адамгершілік рухына негізделіп, жаңа тұрпатты дәстүрлі мерекеге айналған ғашықтар күнін кітапхана оқырмандары сезімге толы сырлы жырлармен атап өтті.
Шолпы жырлар шеруі «Шолпы» би ансамблінің орындауында «Көңілді би кеші» биімен бастау алып, кітапхана оқырмандары Дамир Сейсенбек пен Еркежан Тұрысбекованың орындауындағы «Мерекем сен» әнімен жалғасты. Кітапхананың «Қаламгер» жас ақындар клубының бір топ мүшелері М. Мақатаев, Қадыр Мырза Әли, Фариза Оңғарсынова, Исраил Сапарбай тағы да басқа ақиық ақындардың ғашықтарға арналған махаббат жайлы өлеңдерін оқыса, Зауытбек Альбина, Маймахан Сержан өздерінің төл туындыларын оқып, жырдан шашу шашты. Кеш жастардың орындауындағы тамылжыта салған әсем әнмен әрленіп, гитараның үнімен әлдилеп, кеш қонақтары мен оқырмандарды ерекше керемет күйге бөледі. Жүрекке түрлі ой салып, жақсы ән мен тәтті күйді жанының азығы еткен жарқын кеште қаламыздың жастары мен кітапхана оқырмандары көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.