Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Әлем таныған Әуезов

   Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы оқырмандарын заңғар жазушы, қоғам қайраткері, ғалым, ұстаз, драматург Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің шығармаларын оқуға талпындыру, шығармаларының тақырыбы мен мазмұнын меңгеру, көркем әдебиетті оқуға баулу, білімдерін жетілдіру мақсатында «Әлем таныған Әуезов» атты оқырмандар конференциясын ұйымдастырды.

   Іс-шараға М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессорлық оқыту құрамынан – «Филология және журналистика» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев, профессор Меруерт Көпбаева, доцент Гүлзия Әбдір, аға оқытушы Бақытжан Мақашев, Мұхамед «Ұстаз» институтының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, Әуезовтанушы Еділбек Әбдімомынов, филология ғылымының кандидаты, Абайтанушы ғалым Рахат Саламатова, Халықаралық Тараз инновациялық институтының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Меңдібай Әбілұлы, Жамбыл ауданы, А.Макаренко атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі, әдебиет зерттеушісі Салтанат Жұмабекқызы, Дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Базарбай Дүйсенбаев, №125 білім беру академиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерлан Нұрланов қатысып, жазушының өмірі мен еңбектерін айшықтайтын баяндамаларын кітапхана оқырмандары мен конференция қатысушылары назарына ұсынып, көп жерде айтыла бермейтін деректі дәйектемелермен таныстырды.

   Конференция спикерлері М.Әуезов туындылары мен өмір жолы жайлы ой-пікірімен бөлісіп, жазушы шығармаларындағы ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлер, драматургия саласындағы рөлі жайында сөз қозғады.

   Сонымен қатар Ерлан Керімжанұлы Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесінен үзінді оқып көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады.

Яндекс.Метрика