Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

«Жазушымен бір күн» акциясы аясындағы «Азамат. Қайраткер. Қаламгер» шығармашылық кеш

   Кітапхана Әулиеата өңірінде дүниеге келген  жазушылардың шығармаларын өнеге ету, өмір жолдарын келешек ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында «Жазушымен бір күн» акциясы аясында журналистикадан бөлек, жазушылық қырымен де танылған қарымды қаламгер, «Шоқ тілді Шона», «Танымал әннің тарихы», «Нарша деген…», «Серік деген…», «Әзімбек деген…» кітаптардың авторы Ерман Әбдиевтің 50 жас мерейтойына орай «Азамат. Қайраткер. Қаламгер» тақырыбында шығармашылық кеш өткізді.

   Іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, журналист Баймахамбет Ахмет, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университеті, журналистика және саясаттану факультетінің докторанты Зауреш Қойгелдиева, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі Марат Кулибаев, Жамбыл облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қал­пына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Дәурембеков, Ерман Әбдиевтың досы, сыныптасы Берік Дадабаев, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали мен  М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика және саясаттану факультетінің студенттері қатысты.

   Журналист – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Ал енді осы қасиетті парызды адал орындау үшін журналистің бойында үлкен жүрек, кең пейіл, терең білім, ұйымдастырушылық қабілет, кәсіби шеберлік пен жеделдік қасиет болуы аса қажет. Осы ізгі қасиеттерге ие боп жүрген жаны жайсаң журналистер Әулие ата өңірінде баршылық. Солардың бірі де бірегейі – Ерман Әбдиев. Ерман Қанжанұлы–сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын маман. Ол – журналист қана емес, тұлғатанушы, өлкетанушы.

   Сонымен қатар, Ерман Қанжанұлының жан-жақты қырларын ашқан кеш барысында қарымды қаламгер сансыз шәкірттердің қанатын қатайтып ғана қоймай, құнды жинақтарымен де  жазушы  ретінде  танылғаны айтылып, оның әр жылдары жарық көрген «Шоқ тілді Шона», «Нарша деген...», «Серік деген...», «Әзімбек деген...» атты кітаптары,  және Ерман Әбдиевтың құрастыруымен композитор Мэлс Өзбековтің «Мэлстің музасы», Нарша Қашағанұлының «Бітпейтін кітап», Қаратай Адамбаевтың «Жылдар, ойлар» кітаптары да шыққаны әңгіме арқауы болды.

 

 

Яндекс.Метрика