Кітапханада мамырдың екінші жексенбісі - Аналар күніне орай «Бар әлемді құшағына сыйдырған Асыл Аналарға тағзым!» тақырыбында тағзым кеші өтті.
Әйел - Ана, Әйел - Өмір, Әйел - тіршілік өзегі. Алтын құрсағынан адамзаттың алыбы жаратылған асыл анаға деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін арттыру мақсатында ұйымдастырылған кешке адал еңбегімен еленген батыр аналарымыз Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, Филология ғылымдарының кандидаты, Жуалы ауданының Құрметті азаматы, Әлем Халықтар Жазушылар Одағының мүшесі, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Исматова Сейсекүл Молдабекқызы, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Білім саласының үздігі, «Ерен еңбегі» мен «Бірлік алтын» медальінің иегері, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, профессор Кабиева Айгүл Кабиқызы, 9 перзенттің анасы, зейнеткер Мамырбекова Патима Сабденқызы, Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты, зейнеткер кітапханашы Темірбекова Сейсенкүл Іңкәрбекқызы, "Тараз-Aqwa" ЖШС директоры, Тараз қаласының қоғамдық кеңесінің мүшесі Досымбаева Анар Әбдіжапарқызы, Тараз мамандандырылған колледждің кітапханашысы, зейнеткер Әбуова Шайымкүл Сәрсенқызы қатысты.
Іс-шара барасында аналардың мәртебесін нығайту, ана болудың маңыздылығы және қазіргі қоғамдағы аналардың рөлі, қазақ әйелінің тұлғасы жайлы сөз қозғалып, қонақтарымыз кітапхана оқырмандарына жүрегінен жарып шыққан жылы лебіздерін білдірсе, кітапхана ұжымы аналарымызды әрқашан шексіз құрмет-қошеметімізге бөлеп, қуантуды әдетке айналдырсақ деген ілтипатын жеткізді.
Мерекелік іс-шараға К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармонияның әртістері Мадина Сағынбекова, Торғын Орынбаева, Динара Махановалар қатысып, ән мұрасынан «Ана құшағы», «Жан ана», «Анаға тағзым» өлеңдерін кеш қонақтарына тарту етті.