Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен облыстың 85 жылдығына орай Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ауыл кітапханашылары арасында «КІТАПХАНАШЫ - XXI ҒАСЫР МАМАНДЫҒЫ» - «Жыл маманы-2024» облыстық байқауын ұйымдастырды.
Заманауи жетістіктерге лайықты әдіс-тәсілдермен кітапхана ісін дамытуға қабілетті кітапханашыларды таныту, кітапханашылардың ауыл тұрғындарына бүгінгі күн талабына сай кітапханалық қызмет көрсетудегі біліктілігі мен кәсіби деңгейін анықтау, кітапхана ісін дамытуда кітапханашылардың жаңашылдық бастамасына қолдау көрсету, кітапханашының кәсіби дамуын ынталандыру, мамандық беделі мен әлеуметтік мәнін көтеру, кітапхана қызметіне жаңа ақпараттық технологиялар мен әдістерін енгізу мақсатында ұйымдастырылған байқауға 35 жасқа дейінгі 8 үміткерлер қатысады.
Байқау шартына сәйкес қатысушылар «Жаңа ой, жаңа қадам, жаңа талап» - Үздік таныстырылым, «Ізденуден талмаған» - Үздік шығармашылық ізденіс, «Үздік виртуалды кітап көрмесі» мен «Шабыт» номинациялары бойынша үміткерлер өзара бақ сынасып, нәтижесінде бас жүлде және үздік кітапханашы статусын Шу аудандық кітапхана жүйесінің әдіскері Әсел Ахметова иеленді.
Ал, жүлделі І орын - Меркі ауданынан келген Гүлзира Әлиге, ІІ орын - Т.Рысқұлов ауданы, Қарақат ауылының кітапханашысы Гүлжамал Жарқынбаеваға, ІІІ орын - Жуалы ауданы, Қосбөлтек ауылының кітапханашысы Гулвира Пернебекке бұйырды.
Одан әрі байқауға қатысып, белсенділік танытқан Байзақ, Қордай Мойынқұм, Сарысу аудандық кітапхана жүйелерінен келген әріптестерге арнайы Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.