Өңір жастарын кітап оқуға баулу, мәдениетті адам болуы үшін келешек ұрпақты рухани байлық - кітапты дәстүрлі оқи алатындай тәрбиелеу процессіне өзіндік үлесін қосу, жалпы жұртшылық пен жастарды ізденуге шақыра отырып, олардың санасына жақсыны жақсы, жаманды жаман деп тани білуі кітапты ғана тану емес, өмірді тану, болашағын бағдарлаудың үлкен аспектісіне айналуы тиіс екенін түсіндіру, әдебиет пен көркемсөз жақсылыққа, биік талғамға бастайтынын, ал талғамы жақсы адамды халық танитынын жеткізу мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Жамбыл облысында 2025 жыл – кітап оқу жылы болып жариялануына орай «Кітап – сарқылмас рухани әлем» тақырыбында «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасының ресми ашылуына арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шараны Жамбыл облысының әкімі Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев ашып, кітап – адамның зияткерлік дамуының негізгі құрамдас бөлігі, адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының, оқу арқылы жетілуінің, кемелденуінің арқасында қол жеткен дамылсыз даму үрдісінің жемісі, өткен тарихы мен өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы, мазмұнының толықтығы мен тиімділігі бойынша ол басқа ақпарат көздерімен салыстырғанда бәрінен артық тұрғанын атады.
Әрі қарай құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Журналистер Одағы облыстық филиалының төрағасы, Қазақстанның Құрметті журналисті Жаңабай Миллионов, Тараз қалалық Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, зейнеткер Абдурахман Зайнутдинов, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаттары, көрнекті жазушы Пернебай Дүйсенбин және жазушы, драматург Елен Әлімжан, бастаманың игілігі мен құндылығына тоқтап, кітап оқуға баулыған адамның өмірлік таңдауы мен ұлттық мұраты асыл дәрежеде дами түсетінін, көкірек көзі әрқашанда ояу, зейіні зерек, жүрісі сергек болатынын айта келе, жастарды кітап оқуға баулу үшін барлық мекемелер, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпараттық құралдары жан-жақты атсалысу керегін дөп басып айтты.
Іс-шара соңында журналист, ҚР Үздік өлкетанушысы, Талас ауданының Құрметті азаматы Сәулембай Әбсадықұлының «Бозборан», Қазақстанның Құрметті журналисті, детектив жанрындағы шығармалардың авторы Шымкентбай Өмірзақұлы Жылмағанбетовтың «Өмір көшінде» мен «Қателіктің құны», ардагер журналист Әділбек Баққараұлының жазушы, публицист Несіпбек Дәутайұлының архивтегі газет тігісінде сақталған дүниелері, мақалалар мен эсселері енген «Қайран елім қазағым, қайран жұртым!» кітаптарының жібек ленталары кесіліп, оқырмандаға жол тартты.