23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай, Тараз қаласында «Кітап – ұлттық құндылық» атты республикалық кітап фестивалі өтті.
Шараны Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырды.
Фестиваль аясында еліміздің зиялы қауымы, қаламгерлері мен кітапсүйер жұртшылық бас қосты. Қонақ ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, ақын, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Жүніс, жазушы әрі баспагер Ырысбек Дәбей, прозашы Мақсат Мәлік және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының өкілі Нұрбала Текесбаева қатысты.
Салтанатты ашылу рәсімінде Мәлік Отарбаев пен Серік Сәлемов құттықтау сөз сөйлеп, кітаптың қоғамдағы орны мен рухани байлықтың негізі екенін атап өтті. Фестиваль аясында елімізге танымал «Алқа», «Арман-ПВ», «Астана кітап», «Qasym», «Отбасы хрестоматиясы», «Таймас», «Шыңкітап», «Сенімен болашақ», «Аруна», «Мазмұндама», «Дарын», «Marfu press», «Атамұра» баспалары, сондай-ақ «Ziyat», «Kitap all», «Букинист», «Шерхан Мұртаза» кітап дүкендері кітап жәрмеңкесін ұйымдастырды.