Қазақ поэзиясының нәзік лиригі, сыршыл ақын, сазгер, бастауыш сынып оқушыларына арналған логикалық кітаптарының авторы – Сақыпжан Аймаханқызының шығармашылығына арналған «Сыршыл ақынның сыбызғы әндері мен жырлары» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.
Кештің мақсаты – ақынның поэзиялық және сазгерлік мұрасын кеңінен насихаттау, ұлттық өнерге қосқан үлесін көпшілікке таныстыру және жас ұрпаққа рухани тағылым беру.
Кеш барысында кітапхана қызметкерлері ақынның кітаптарына мазмұнды шолу жасап, поэзиясынан әсерлі үзінді өлеңдер оқыды. Сондай-ақ қазақ эстрадасында жарық көрген әндері шырқалып, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады. Шара аясында ақынның «Көзмоншақ» атты кітабының тұсаукесері өтіп, оқырман қауымға жол тартты.
Кешке зиялы қауым өкілдері, студенттер, әріптестері мен достары қатысып, ақынға деген ыстық ықыластарын білдіріп, жүрекжарды жылы лебіздері мен естеліктерімен бөлісті.
Әдеби-сазды кешке жиналған қауым ақын шығармашылығынан ерекше әсер алып, рухани тағылымға толы әсерлі сәттердің куәсі болды.
