Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Қайсар Анамен кездесу

   Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ұлттық өнерді дәріптеуші, қайсар ана, кәсіпкер, «Жасау Тараз» орталығының иесі Анар Бексұлтановамен «Қайсар ғұмыр, ғажап талант» онлайн кездесу кешін ұйымдастырды.

   Кездесу барысында Анар Сағынтайқызы, ең алдымен, балалық шағының куәсі, ұядан көрген тәрбиесінің арқасында ұлттық өнерді өн бойына сіңіріп, өзі үлгі боп отырған аяулы қыздарына да бұл кәсіп түрінің дарығандығын жеткізді. Қазақтың ұлттық оюларының сан түрімен жұмыс жасап, қазір де заман ағымына қарай жастардың сұранысына орай түрлі құрақ құрауда. Биология мамандығында білім алған Анар Сағынтайқызы тігін саласына келіп, осылай кәсіп ашып кетемін дегеніне о баста сенбеген екен. Отбасының, бауырларының, ұстаздарының қолдауының арқасында өзіне деген сенімділігі артқан.

   Тағдырдың түрлі сынағында өзінің өжеттігі мен қайсарлығының, сенімділігі мен төзімділігінің арқасында мойымаған қайсар ана өз өмірі туралы ой өрбітті:

   «Бұл дүниеге екі қолсыз келсем де, өзімді мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарынанмын деп есептемеймін. Бұл - менің кемшілігім емес. Жоғары оқу орнын аяқтап, облыстық музейде жұмыс істеп, екі қыз тәрбиелеп, жеке кәсіпкерлікті де қосымша алып, қазіргі күнде мен кәсіпкер деген атақ алып отырмын. Бүгінде жұмыс істеймін деген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау өте көп. Тек еңбектеніп, ізденуі керек. Ешкім алдына дайын дүниені жасап алып келмейді. Мен аяғыммен іс тігумен қатар, сурет салу, бақ гүлдерін өсірумен айналысамын. Гүлді өсіруде де ерекше күтім керек. Ол да бір бала тәрізді. Бірде ауырып, бірде мазасызданып түрлі күйге ұшырап отырады. Тіпті, бақшамда қыздарыммен қатар өсіп келе жатқан гүлдер де бар. Адамдарда алға деген ұмтылыс, сенім болса, кез келген ауыртпа¬лықты еңсеруге болады».

   Айта кету керек, Анар Сағынтайқызы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, тігін цехын ашқан болатын. Содан бері елден тапсырыс алып, қыз жасауын тігуде. Техникаларының қатарын да арттырған көрінеді.

  Оның айтуынша, қазіргі таңда тапсырыс берушілер өте көп екен. Онлайн оқырмандар өз иесіне енді ғана аттанғалы отырған керемет қыз жасауының куәсі болды. Анар Сағынтайқызы әсерлі әңгіме соңында барша нәзік жандыларды келе жатқан 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтады.

Яндекс.Метрика