Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалымен бірлесіп, талантты, әрі сыршыл ақын Серік Томановтың туғанына 65 жыл толуына орай ұйымдастырылған еске алу кеші өтті.
Еске алу кешін Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы төрағасы Хамит Есаман жүргізіп отырды. Арнайы шақыртылған ақынның жары Бибігүл Оразбаева, ұлы Еркін Жапаров, сондай-ақ, ақынның көзін көрген, бірген өскен жора-жолдастары, замандастары, қаламдастары, шәкірттері, БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шараға қатысушылар Серік Томановтың өмірі мен шығармашылығына тоқтала келе, естен кетпес естеліктерімен бөлісті. Бірге өткізген қызықты сәттері, шәкірттің ұстаздан алған үлгісі, біріне аға, біріне іні болған ақынның ерекше қасиеттері жайында айтылып, жырларынан шашу шашылды.
Кеш қонақтары құйрықты жұлдыздай қысқа ғұмырында жазып үлгерген таңдамалы жауһар жырлардың авторы Серік Томановтың шығармашылығына тағы да бір құрмет көрсетіп, ақын рухына тағзым етті.
Айта кету керек, ақынды еске алу тек осы кешпен шектелмейді, Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Өлкелік туризм кітапхана жұмысының инновациялық түрі ретінде» жобасы аясында ақын шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында сәуір айында Талас ауданына барып, «Арылмас мұңым бар менің...» еске алу кешін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.