«Парасат жолы» жобасы аясында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесіп, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық қозғалысы және Алаш жетекшісі, Алашорда автономиясы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейхановтың туғанына 155 жыл толуына орай «Әлихан Бөкейханов – ұлттық тарихтың зерттеушісі, этнограф» саяси бейне-портретін ұйымдастырды.
Іс-шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Төлебаев Равиль Қуанышбайұлы, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Туризм, география, тарих» кафедрасының аға оқытушысы, «Orda Life» каналының жетекшісі, «Алаш айтылған сөз» кітабының құрастырушысы Жолдасбай Серік Құдайбергенұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы Тобажанов Рахат Тобажанұлы, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, штаб мүшесі Мадияр Ералыұлы қатысты.
Тарихшылар өткен тарихты білмей болашаққа қадам басу мүмкін емес екендігін, бүгінгі тәуелсіздігіміздің баянды болуы кешегі аталарымыздың жанкешті еңбегінің арқасы екендігін тілге тиек ете отырып, «Алаш» айбындыларының жүріп өткен ауыр да, азапты жолдарын еске алды.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің студенттері Шалабаев Бейбарыс Сәкенұлы, Әбдірей Мұстафа Жарасбайұлы, №21 орта мектебінің оқушылары Шырай Жайлыханова, Альбина Мырзабековалар патриоттық тақырыптарына арналған жыр шумақтарын жатқа оқыды. Тағылымы мол рухани кештен жастардың алары көп.