Елімізде Абайдың 175 жылдық мерейтойы ресми түрде бастау алды. Арқа төсіндегі, Еуразия жүрегі саналатын елордада өткен салтанатты шара әр өңірде жалғасын табуда. Соның бірі - Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы қызметкерлері ұйымдастырған ашық есік күні.
Шыңғыстаудан шыққан қазақ әдебиетінің асқары Абайдың 175 жылдық мерейтойының барша қазақстандықтар үшін мәні зор. Осы арқылы елдігіміз, еңсе тіктегеніміз көрініс таппақ. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын атап өту үшін мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ал бұл бастама әр өңірде кемеңгер, ғұлама ойшылдың шығармашылығын насихаттау арқылы жалғасын табуы тиіс. Негізі қоғамның рухани жағынан дамуына, мәдениетін көтеруге ықпал ететін мәдени орта - кітапхана екенін ескерсек, мемлекетшілдігімізді көрсетер іске алдымен кітапханашылардың үн қосуы заңдылық.
Ашық есік күнінде кітапханашылар ұлт мұрасының оқырмандарға ортақ болуын ойластырып, «Абай мұрасы» атты тұрақты кітап көрмесін ұйымдастырған екен. Тағы бір ерекшелігі - қызметкерлердің түгелдей қазақша қамзол киіп, арнайы өткізген іс-шараға ұлттық реңк беруге ұмтылғаны. Онда ақынның шығармалары және солар туралы жазылған зерттеу еңбектері, кітаптар, мақалалар, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан», Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің «Абай мен Алаш» атты мақаласы бар.
Кітапхана қызметкерлері алдағы уақыттарда Абай өлеңдері мен қара сөздерін оқып, әндерін орындап, облыстың барлык кітапханасында челлендж эстафетасын жолдайды. Сондай-ақ жыл бойы аталған жұмыстарды Ғасеbоок, Іnstagram әлеуметтік желілеріне тұрақты түрде жариялап тұрмақшы. Сонымен қатар кітапхананың кітап қорындағы құнды басылымдарды пайдалана отырып, хакім Абайдың кітаптары мен ақын туралы жазылған еңбектерден бекстейдж әзірленбек.
- Абай поэзиясы - даналықтың, махаббат пен адалдықтың поэзиясы, оның мол мұрасын жаңаша ұғыну жалғасып, кітапхана өз оқырмандарына Абай мұрасын насихаттау жұмысын тыңғылықты түрде жалғаса береді, - дейді кітапханашылар.
Ардақ Үсейінова,
Ақ жол.-30 қаңтар 2020 жыл (№11).-4б.