Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

МАХАББАТ ЖЫРШЫСЫ

    Ақынның көзімен қарағанда кейбір қарапайым нәрселердің ғажайыпқа айналып кететіні бар. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Коворкинг орталығында өткен ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асановтың 75 жас мерейтойына арналған «Адалдық – асыл мұратым» атты оқырмандармен сырласу кешінде өрбіген сырлы сұхбат, жан толқытар жырларды тыңдап осыған көзіміз жете түсті.

    Ақынның алғаш қолына қалам алуына 8-сынып оқып жүргенінде мектебінде белгілі қаламгер Камал Смайловпен  өткен кездесу түрткі болған екен. Содан бері көңілін толқытқан сәттер қаламынан жыр болып құйылып, сыр болып шертіліп келеді. Қайырбек Асанов оқырманға «Нұрлы дүние» атты жаға кітабынан бірнеше өлеңін оқып берді. Мұнан  соң профессор, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ ақынның «Менің болмысым», «Түңілмеймін», «Күзгі шуақ», «Өмір – күрес», «Туған жер», «Алла деген жүрегімде жазу бар» атты өлеңдеріне талдау жасап, ешкімге ұқсамайтын ерекшелігіне тоқталды. Жазушы Елен Әлімжан, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, құсбегі Жапар Сатылғанов кеш иесінің қарапайым қасиеттерін, жанының ізгілігін бағалап, ой сабақтады. Оқырман Майко Қайыпова да тілектестігін білдірді.

    Аталған кітапханадағы «Қаламгер» клубының мүшелері, студенттер Ерасыл Әуезбай мен Құралай Жаһан Қайрекеңнің және Күләш Ахметованың жырларын үлкен толғаныспен оқып берді. Жас әншілер Қарлығаш Ергеш, Жазира Тұрғын әуезді әннен шашу шашты. Кешті кітапхана қызметкері Ақнұр Сұлтанбекованың жоғары деңгейде жүргізгенін айта кеткен жөн.

    Іс-шараны Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Әбдинова қорытындылап, кеш иесіне ұзақ ғұмыр, шалқар шабыт тілеп, кітапханашылар атынан сыйлық тарту етті.

 

Тараз қаласы.

Есет ДОСАЛЫ

Ақ жол . - 2020. - 9 наурыз (№28). - 4 б.

Яндекс.Метрика