«Абай күні» мерекесі Тараз қаласындағы Абай ескерткіші алдында Абай әндерінен берілген онлайн концертпен басталды. Хакімнің «Желсіз түнде жарық ай», «Өленді қайтып қоярсың» әндері жүректі тербеп, әсерге бөледі.
Ескерткіш қасынан Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды. Бұл көрмеге заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының төрт томдығы, Астанадағы Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты әзірлеген «Абай тілі сөздігі», ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай шыққан «Абай», халықаралық Абай клубы дайындаған «Абай», «Абайдың қарасөздері» кітаптары қойылды. Абай Құнанбайұлының «Мыңмен жалғыз алыстым», «Адам деген даңқым бар» кітаптары да көрменің ажарын ашқаны анық. Мұнда Абай Құнанбайұлы шығармаларының орыс, ағылшын, француз, неміс тілдеріне аударылған аудармалары да қойылып, тамашалаушыларды әсерге бөледі.
Абайтанушы ғалымдардың тандамалы еңбектері де құндылығымен талайға ой салған дүниелер екеніне еш таласымыз жоқ. Осыншама асыл қазынамен қауышқан көпшіліктің көрмені ұйымдастырушыларға алғыстары аз болмады . « Абай күні » мерекесінің - маңызы өте терең. Оқырмандарға ой салу, хакімнің мұраларымен терең таныстыру мақсатында осы көрмені ұйымдастырып отырмыз. Елімізде осындай тамаша мереке күні енгізілгеніне өте қуаныштымыз», - дейді Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Эльмира Абдинова. Мұнан бөлек облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Абайдың 175 жылдық мерейтойы мен суреті бейнеленген үлкен картиналарды орналастырып, рухани мерекеге өз үлестерін қосып жатты.
Мұнан соң «Жастар» қабілет орталығында Абайдың 175 жылдығына арналған «Ғылым таппай мақтанба» атты облыстық дельфийлік ойындарының марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараны облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов пен «Адырна» ұлттық-этнографиялық қоғамдық қорының президенті Арман Әубәкір сөз сөйлеп ашып, «Абай күні» мерекесінің мәні мен мағынасына тоқталды. Көпшілік алдында күйші Ерболат Әлімқұл күмбірлете күй тартса, әнші Айгүл Есекеева Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін шарықтата шырқады. Сонымен, аталған дельфийлік ойындарынын «Үздік гуманист» аталымы бойынша Жамбыл ауданынан Ақжігіт Жетпісбай жеңімпаз атанса, тараздық Тоғжан Төлепберген екінші, Алима Қалусаева үшінші орыннан көрінді. «Үздік поэзия» аталымы бойынша тараздық Жұматай Көксубайұлы бәйгеден жеке дара келсе, екінші орын тараздық Әділ Төлепбергенге, үшінші жүлде әулиеаталық Айдарбек Есілге бұйырды. «Үздік бейнелеу өнері» аталымы бойынша сарысулық Элнария Сейітжапар жеңімпаз атанса, сарысулық Айдана Ескендір екінші, байзақтық Аян Қорабай үшінші жүлдемен марапатталды. «Үздік бейнеролик» аталымында тараздық Мерей Баетовтың бағы жанса, байзақтық Назерке Әкімбай мен Жамбыл ауданының қатысушысы Орынбасар Заттыбеков жүлделі орындардан көрінді. «Үздік ән» аталымы бойынша шулық Ербосын Қасымбек жеңістің биік тұғырынан көрінсе, Диас Әбілеков, Ерболат Әлімқұл, Айгүл Есекеевалар да жүлде алып, ақшалай сыйлыққа ие болды.
Ал «Мәңгілік ел алыптары» атты облыстық эссе жазу байқауы бойынша тараздық Талшын Биболқызы жеңімпаз атанды. Ал әулиеаталық Ағжан Жанбай мен Данияр Тұрмағанбет жүлделі орындарға қол жеткізді.
«Абай күні» мерекесіне арналған іс-шаралар аудан, ауылдарда да жалғасын тапты.
Есет Досалы,
Ақ жол. - 12 тамыз. - №93. – 6 б.