– Өмірде әр сәттің өз қызығы, ерекшелігі бар. Соның ішінде студенттік шақты адам өмірінің ең бақытты кезеңі деп жатамыз. Жастық шақ, алғашқы махаббат, бірінші сессия, достық пен жаңа орта ешқашан естен кетпейтіндей.
Менің студенттік өмірім Жамбыл мәдениет және ағарту училищесіне оқуға түскеннен басталды. Басқалар көрген өмірді көргім келді. Жатақханада тұрғым келді, бірақ анам рұқсат бермеді. Дегенмен студенттік өмірдің қызығын, қиындығын бір кісідей бастан кешірдім. Сол кездегі достарымызбен әлі күнге дейін хабар сұрасып, бас қосып тұрамыз. Біреулер «шіркін, студенттік күндер былай болып еді» деп сағына еске алып, сыр шертеді. Бірақ менің ойымнан уақыт өте үзік сырлар ұмытыла бастапты. Мұның себебін, бәлкім, сол дос-жарандармен әлі күнге дейін емен-жарқын араласып, бірге жүргеннен болар деп топшыладым.
Демалыста студенттер жұмысқа тартылатын. Солардан қалмай, біз де ауылға пияз теруге баратын едік. Ол кезде оқу орны бұйырған соң, амал жоқ, барасың. Егер жұмысқа бармаған күндеріміз үшін арнайы тізімге белгі қойылса сескенетінбіз. Себебі жұмысқа бармасаң, қолданатын шараны айтпағанда, «оқудан шығып қаласың» деп бас көтертпейтін. Егістік алқабы, бойда күш-қуаты тасыған жастар жұмысқа ширақ еді. Тіпті пияз таусылып қалардай бір-бірімізден қалмай жапатармағай жарысып теруші едік. Сол күндер естен кетпейді. Үйде тұратын студент қыздар таңертең училищенің жатақханасына барып киім ауыстыратынбыз. Әйтеуір қайда жүрсек те қызық іздеп, күлкіге қарық болатын едік. Сонда біздің жатақханаға баруымыздың соңы пияздың иісі сіңген киім-кешектерді қыздардың бөлмесіне тастап кетумен аяқталатын. Біздің соңымыздан бөлмедегі қыздар бас көтеріп сыртқа шығатын. Қазір сол шақтарды еске алсам, күлкім келеді. Бір байқайтыным, сол кездері жастардың ұйымдары көп болмаса да, жиі бас қосатынбыз. Бір-бірімізге көмек қолын созып, бауырмалдық танытатынбыз. Үзілісте барлығымыз келісіп, тиынның басын құрап, дүкенге де барып келетінбіз. Әсіресе, менің тобымда кіл қыздар жиылған еді. Сол ортадан ең жақын достар таптым. Таптым деймін-ау, өмірдің өзі қауыштырды десек те болатындай.
Осылайша, біз де өз уақытында студенттік шақтың ащы-тұщысын қатар көрдік. Енді Студенттер күні қарсаңында қазіргі жастар туралы да бір үзік ой айтсам артық етпес. Көп ағаларымыз бүгінгі студенттерге көңілі толмай, «біз кезінде мынадай болғанбыз, сендер жалқаусыңдар» деп даурығып жатады. Бірақ мен бұл пікірлермен келіспеймін. Иә, аға буын өз уақытында қиындық көрді. Бірақ қазіргі жастардың да бас ауыртатын мәселелері аз емес. Бүгінгі студенттермен мақтануға әбден болады. Көбі сабақ оқып жүріп те жұмыс істейді. Болашағын ойлап, мамандығын игеруге күш салып, аға буын өкілдеріне қарап бой түзеп келеді. Қазіргі жастар қағілез, өз бетінше өмір сүруге дағдыланған. Сөзімді қорытындылай келе, осындай белсенді, болашағы зор, арманы асқақ студенттердің қатары көбейе берсін демекпін. Жастар барда елдің ертеңі баянды болатынына күмәнсіз сенім білдіруге болады.
Эльмира АБДИНОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық
әмбебап ғылыми кітапханасының директоры:
Jambyl-Taraz.-2020 жыл.-11 қараша (№45).-8 б.