Пандемия басталғалы жұрт кәдімгідей «көріпкел» болып алды. Ең әуелі «бұл ауру мемлекетке масыл топтардан құтылу үшін әдейі жасалды» десті. Одан қала берді түгелдей дерлік онлайн форматқа көшкен салалардың қайсысы болашақта қажетсіз болып қалатынын болжаушылар шықты. Осылайша қызметкерлердің 30-40 пайызына дейін «қысқартып», біраз жұмыс орнын келешекте де керегі бола қоймайды деп «жауып» үлгергендер де бар. Кейбірін біржола онлайнға қалдырды. Айтылып, жазылып жатқандардың көбіне сенер-сенбесімізді білмей, дүдамал ойлар онша көңілге қонымсыздау көрініп, әрі-сәрі болып жүргенде Нұр-Сұлтан қалалық мәслихаты депутатының бірі елордадағы кітапханаларды ұстап тұру үшін қаражат бөлмей, бәрін цифрландырып, бір ғана кітапхананы қалдыру туралы мәселені ұсынғанын естідік.
БАҚ өкілдерді мұның мәнісін орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәжілісінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловадан сұрады. Сала министрі: «Кітапханалар – руханиятты сақтайтын, адамзаттың мың жылдық ұлы ойлары шоғырланған орын. Мемлекетіміздің саясаты мен мәдениет туралы заңы бойынша бүкіл мәдени кұндылықтарды азаматтарға қолжетімді ету керек. Сондықтан әрине заманға сай өзгерістерге байланысты кітапханалардың қорлары цифрландырылады. Олармен бірге архивтер, музейлер де бұл жұмыстан тыс қалмайды. Сонымен қатар кітапханалар өзінің жұмысын тоқтатпауы керек. Бұл – біздің өкілетті органның көзқарасы», – деп жауап берген еді.
Жалпы бұл сауалдың күн тәртібіне шығуының өзі жақсылықтың нышаны емес. Кітапханалардың базасы цифрландырылып, замана көшіне ілескеніне қуанамыз, әрине. Алайда рухани мұрамыз компьютерлік базаға еніп, содан әрі кетпей, руханияттың бағаналы басты ордасы болып қалуы тиіс.
Бұрын ұзақтау жолға жиналған адам қажетті заттарымен бірге сапарда өзіне серік болсын деп бір сүйікті кітабын қолтықтай шығатын еді. Қоғамдық көліктерден де кітап немесе газет-журналдарды парақтап отырғандарды жиі ұшырататынбыз. Бір-бірімен кітап алмасып оқып жататын жұрт. Көпшілігінің үйінде жекеменшік кітап сөресі де болатын. Ал қазір ше?
Дала тұрмақ, үйде кітаптың оқылуы сирек. Жұрттың барлығы смартфонға үңіліп отырады. Үйде де, жолда да ұялы телефоннан артық серік керек жоқ. Қажет етсеңіз, сол смартфоныңыз кітап та бола салады. Бұл бүгінде кітапханалардың цифрландыру негізінде электронды жүйеге көшкендігінің, кітаптардың электронды нұсқалары қатар шығатындығының нәтижесі екені анық. Мұны қолайлы, яки, қолайсыз деп кесіп айту да қиын. Өйткені бәрібір әркім өзіне ыңғайлысын іздейді. Әрі десе бұл уақыттың тынысы. Қаласақ та, қаламасақ та осылай. Ал бірақ осы жаппай цифрландыру үдерісінің соңы кітапханалардың жабылуына әкеліп соқпай ма?
Осы мәселе туралы облыстық Ш.Уәлиханов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Эльмира Әбдинованы әңгімеге тартқан едік.
– Әр заманның ұрпаққа қояр өз талабы, өз міндеті бар. Ел мәдениетінің, мемлекеттің жүйелі түрде дамуы ұрпақтың уақыт талабына икемделуінсіз жүзеге асқан емес. Ал бүгінгі таңда заманауи технологиялар дамып, адам өміріне цифрлық технология дендеп енді. Уақыт өте дәстүрлі кітаптардың орнын электронды нұсқасы басатыны анық. Бұл жаңалықтан Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы да қалмай, жергілікті ақын-жазушылармен авторлық келісімшартқа тұрып, шығармаларының электронды көшірмелерін жасау жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін кітапхана қызметкерлері 53 жергілікті ақын-жазушымен авторлық келісімшартқа тұрып, олардың 153 туындысының электрондық көшірмелерін жасады. Аталмыш келісімшарт арқылы біздің кітапхана өнер, ғылым және әдебиет туындыларын пайдалану құқығына ие болды. Осылайшы авторлық құқықтың бірден-бір әрі толық құқылы иесі бола отырып, жергілікті ақын-жазушыларға өз туындыларының сканерлеу жолымен жасалған электронды көшірмелерін дайындау және облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының электронды депозитарийіндегі Е-көшірмелерді тұрақты сақтау құқығы беріліп отыр. Сөйтіп, біздің кітапхана мәліметті жалпыға бірдей жеткізу қызметіне қол жеткізіп, туындылардың электронды көшірмелерін пайдаланушыларға ұсынуда, – деді Эльмира Елеусізқызы.
Сонымен қатар сала маманы «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрлау» жобасы аясында құнды кітаптардың электронды нұсқасы жасалып жатқандығын да айтты. Қазірдің өзінде цифрланған басылымдар саны 5980 данаға жетіпті. Бұл базаға кітапхананың веб-сайтындағы арнайы «Оқу» бөлімінде «Әдеби әлем» айдарында жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары мен 1949 жылға дейін жарық көрген басылымдардың 305 данасы да енгізілген.
Облыстан шығатын мерзімді басылымдардағы құжаттық мұраларын сақтау және кітапхананың өлкетану қорын пайдаланушыларға кең көлемде қолдануға мүмкіндік беру мақсатында «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобасын жүзеге асыру жұмыстары да қолға алыныпты. Жоба аясында 14520 дана мерзімді басылымдар цифрланған. Мұндағы назар аударарлық жағдай – облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында ғана мерзімді басылымдар архивінің жинақталып жатқандығында болып тұр.
Бұл орайда Эльмира Елеусізқызы: «Осы атқарылған шаралардан кітапхана архив жұмысын қайталайды деуге болмайды. Кітапхана республика, өңір тұрғындарының барлық санаттары үшін барынша қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы архивтің жұмысын тек толықтырады. Бұл жерде кітапхананың архивке қарағанда, азаматтар үшін ашықтығы мен қолжетімділігін айрықша атап өту керек», – деді.
Қарап отырсақ, цифрландыру бағытындағы жұмыстар кітапханалардың міндетін бұрынғыдан да екі есе арттыра түскен сынды. Біздің көкейімізді электронды жүйеге толыққанды көшкенде руханият ордасына оқырмандар мүлдем ат ізін салмай кететін шығар деген сауалдың мазалағаны анық. Алайда карантин кезінде кітапханалардың жұмысы онлайнға көшкенімен, оқырман белсенділігі еш төмендемеген сыңайлы.
– Пандемия кезінде барлығы керісінше, болды. Оқырмандардың белсенділігі бұрынғыдан да арта түсті. Онлайн түрде көптеген кітаптарға тапсырыстар беріп, оқып жатты жұрт. Тіпті, карантин талаптарын сақтай отырып, «неге кітапхана жұмыс жасай бермейді?» – деп қоңырау шалғандар да бар. Бәлкім, бұл пандемия кезіндегі шектеулерге қарай, көпшілік үйінде көбірек болып, өз уақытын үнемдей алғандығынан да шығар. Әрине, қазір көп кітаптардың электронды нұсқасы бар, бірақ кітаптың иісін аңсап, оны қолмен ұстап оқығанның жөні бөлек. Сонымен қатар карантин кезінде кітапхана ұжымы тарапынан онлайн форматта көптеген рухани іс-шаралар ұйымдастырылды. Оған да қатысуға тілек білдіргендердің қатары артты. Жалпы жыл ішінде 130-ға жуық іс-шара ұйымдастырылды, оның ішінде офлайн – 11, онлайн – 119 іс-шара өткізілді. Офлайн іс-шараларға қамтылғандар саны – 620, онлайн шараларға қамтылғандар саны 979000 адамды құрады, – деп түйіндеді сөзін Эльмира Елеусізқызы.
Қазіргі жағдайда онлайнға көштік екен деп жұмыс ырғағын әлсіретіп алудан сақ болу керек. Өйткені жұмыстың форматы өзгергенімен, міндеті сол күйінде қалғандығы даусыз. Сондықтан бүгінде әркім өз мамандығының, атқарып отырған жұмысының қоғамға қаншалықты дәрежеде керек екендігін көрсетіп, сақтап қалудың жолын ойлауы қажет. Өйткені Мемлекет басшысының биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында да мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта құру жайлы баса айтылды. «Пандемия кезінде мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігінің қашықтан жұмыс істеу режіміне көшуі мемлекеттік аппаратты қысқарту керектігін және бұған толық мүмкіндік бар екенін көрсетті.
Мемлекеттік аппарат және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдетуді тапсырамын. Биыл олардың санын 10 пайызға, ал келесі жылы 15 пайызға қысқартқан жөн. Осылайша біз 2021 жылы шенеуніктердің санын 25 пайызға қысқарту мәселесін шешетін боламыз. Соның нәтижесінде және цифрландыру үдерісін ескере отырып, одан әрі қысқарту туралы шешім қабылдаймыз. Үнемделген қаражаттың есебінен қалған кызметкерлердің жалақысын көбейтетін боламыз. Еңбекақысы аз мемлекеттік қызметтің қоғам үшін пайдасынан зияны көп», – деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Онлайн жүйе оңай сияқты көрінгенімен, көпшіліктің бойында жұмысқа деген құштарлықтан гөрі, бойкүйездіктің қылаң бере бастағаны жасырын емес. Бұл тұрғыда есімін атамауды өтінген бір мекеме басшысы: «Негізі, жұмыс орнына келіп-кетудің өзі қызметкерлерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Қашықтан жүрген қызметкерден бірдеңе талап етейін деп хабарлассаң, біреуі қонақ күтіп жатса, енді бірі жолда сапарлап жүреді... Оның барлығы жұмыс ырғағын бұзатыны даусыз. Сондықтан реті келсе, жағдай тұрақты болса, офлайннан ауытқымай, әркім өз міндетін мінсіз атқарса дейсің. Өйткені әркім қоғамға қажетті екендігін көрсетуі керек», – деді. Біздің түйін де осы.
Фариза Әбдікерімова
«Aq jol».- 2020 жыл.- 14 желтоқсан (№148-149).- 5 б.